Жаңа алаң, жаңа мүмкіндік. Олимпиада резервіндегі мамандандырылған “Жеңіс” балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің футбол алаңы жаңартылудан кейін қолданысқа берілді. Ілкімді іс «ALAÑ» жобасы аясында атқарылды. Шараға “Жеңіс” және “Қызылжар” спорт мектебінің жас тәрбиеленушілері қатысты. Ашылу салтанатынан кейін жеткіншектерге сыйлықтар табыс етілді.
ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
— Бүгін футбол федерациясының көмегімен қаламызда алаң жөндеуден өтіп отыр. Солтүстік Қазақстан облысының атынан алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да сіздермен тығыз қарым-қатынаста болып спорт объектілеріне жаңаруына атсалысып, куә болатынымызға сенімдіміз.
Бұл – «ALAÑ» жобасы аясында жаңартылған екінші алаң. Бұған дейін Петропавлда 153 млн теңгеге «Динамо» стадионында жасанды футбол алаңы пайдалануға берілген болатын. Ал бүгінгі шағын стадион құны 117 млн теңгені құраған. Жобаның басты мақсаты – бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
СЕРГЕЙ ПОПОВ, «ALAÑ» жобасының жетекшісі:
— Футбол алаңы UEFA талаптарына сай жаңартылды. Қақпалардың қауіпсіздігіне баса мән бердік. Ол да еуропалық талапқа сай келеді. Алаңның ұзындығын 95-тен 98 метрге, ал енін 6 метрге кеңейтттік.
Жаңартылған алаңның ашылуына қатысқан балалардың қуанышында шек жоқ. Қазір олар жаңа жерде жаттығуларын бастап кетті.
Ақтолқын Солтанханқызы