СҚО әкімдігі

Сәуле Мешітбаева: «Кітап, газет-журнал оқыған бала қатыгездікке бармайды»

Облыстық әкімдік қабырғасында халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры Сәуле Мешітбаеваның қатысуымен жиын өтті. Кездесудің шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов ашып, аймақта ұлттық болмыс, ұрпақ тәрбиесі мен оқу-ағарту бағытында атқарылып жатқан істі баян етті. Жұмысты жалғастыру қажет. Бұл ретте – мірін ұстаздық қызметке, журналистикаға арнаған құрметті қонақтың айтары мол.

СӘУЛЕ МЕШІТБАЕВА, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры:

— Біз телефонға құл болдық. Дастархан басында сөйлесуден қалдық. Бұл біздің кінәміз.

80-ге таяған білікті басшы кітап пен газет-журнал оқудың артықшылығын алға тартады. Оқыған баланың болашақта көзі ашық, көкірегі ояу болады, қатыгездікке бармайды, қырлары ерте ашылады, еңбектен қашпайды. Демек, ата-аналар басылымға жазылу қажет, ұл-қыздарды оқуға ынталандыруы тиіс.

СӘУЛЕ МЕШІТБАЕВА, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры:

— Менің газетіме жазыл деп айтпаймын. Газетті қолға ұстаңдар. Бұны ауданнан, облыстан бастау керек.

Кездесуге онлайн байланыс арқылы аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Сәуле Мешітбаева атқамінерлерді ұрпақ тәрбиесіне байланысты туындаған қоғамдағы өзге де өзекті мәселелерге назар аударуға шақырды.

 

Байболат Құлтанов