— Біз бүгінгі сабақта сіздермен қауіпсіздіктің негізгі қағидалары туралы сөйлесеміз. Бұл – жолдағы қауіпсіздік, интернеттегі қауіпсіздік және үйдегі қауіпсіздік.
Мұрат Айтхожин атындағы №1 орта мектепте “Қауіпсіздік сабағы” өтті. Полицейлер төменгі сынып оқушыларына сақтықты үнемі қаперде ұстау керектігін, ата-аналарынан ештеңе жасырмау қажеттігін айтты. Онлайн ойындардан келетін қауіп артты. Интернет арқылы алаяқтарға ұрынып қалуға болады. Ал бағдаршамға жиі назар аудару қажет.
— На жёлтый можно? – Нет! – А на красный? – Нельзя.
Жолдан өтерде балалар құлаққапты алып тастап, ұялы телефонға назар аудармау керек. Бұл айтылған орындалмаса, өмір мен денсаулыққа қауіп төнеді. Өкінішке қарай, 9 айдың ішінде облыста мұндай 11 жайсыз оқиға тіркелген. Салдарынан 2 бала қаза тапқан. Маңызды ақпарат айтылған “Қауіпсіздік сабағы” соңында тәртіп сақшылары оқушыларға жол қозғалысы ережелеріне арналған бояу кітапшалары мен ойыншық патрульдік машиналар сыйлады.
АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД ЖПҚБ басқармасының инспекторы:
— Балаларға өрт, жол және интернеттегі қауіпсіздік жайлы айттық. Мұндай сабақтар облыста ювеналды полиция инспекторларымен ұдайы өткізіледі.
Ювеналды полиция қызметкерлерінің мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде кәмелетке толмағандар жасаған құқықбұзушылықтар саны азайған. Биыл 20 дерек тіркеліпті. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 34 факті есепке алынған.