Ұстаздар күні қарсаңында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің мәртебесін арттыратын жаңа заң жобасы әзірленіп, Үкіметке жолданғанын айтты. Құжатта педагогтарды өз міндетіне жатпайтын жұмыстардан босатуға айырықша мән берілген.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ: ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Мұғалімнің басты жұмысы – білім беру. Ол мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек. Қайталанатын есепке тоқтау қойылуы тиіс. Қағаз ба, цифр ма – біреуін ғана толтыр. Сонымен қатар, бір рет бір жүйеге енгіздің бе? Жетеді. Күнделік немесе НОБД немесе Bilimland-тің біреуіне ғана енгізілген дерек бірнеше жүйеде қайталанбауы тиіс.
Ұстаздарға қатысты әлеуметтік желіде белсенділік танытып, пост жариялау талабы алынып тасталмақ. Бұдан бөлек, енді оқушылардың тәрбиесі тек мұғалімдердің емес, ата-аналардың да ортақ жауапкершілігіне айналуы тиіс деп атап өтілді.
Сонымен бірге, педагогтың абыройы мен мәртебесін қорғайтын жаңа нормалар енгізілмек — ұстазға қысым көрсетуге мүлде тыйым салынып, мұндай жағдайлар үшін айыппұл көлемі арттырылады. “Бұл бастама педагогтардың статусын көтеріп ғана қоймай, негізгі міндет – балаға сапалы білім беру мүмкіндігін арттырады”, – дейді білікті ұстаз Нұргүл Алпыспаева.
НҰРГҮЛ АЛПЫСБАЕВА, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия директорының міндетін атқарушы:
— Мұғалім ретінде әрине бұл бастаманы қолдаймын. Ұстаздардың негізгі міндеті – білім беруге тереңірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Мұғалімдерді құқықтық қорғау мен аналармен жауапкершілікті бөлісу әрине педагогтардың беделін көтеруге көмектеседі.
Бүгінде өңірде 16 мыңға жуық педагог жұмыс істейді, оның 12 мыңға жуығы жалпы орта білім беру жүйесінде еңбек етеді.
Ақтолқын Солтанханқызы