Қоғам

Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған салтанатты шара

Бұл жандар жиі қауышады, игі және салтанатты шараларда бас қосады, өзекті мәселелер талқыланған кездесулерде жүздеседі. Алайда, бүгінгі жиынның маңызы аса зор. Биыл Қазақстан Кәсіподақ қозғалысына – 120 жыл, ал Қазақстан Кәсіподақтарының Федерациясына 35 жыл толып отыр. Қос мерейтой, қос мереке. Осыған орай Оқушылар сарайында айтулы әрі ауқымды басқосу ұйымдастырылды. Арнайы шақырылған қауымды аймақ басшысы атынан бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтап, кәсіподақ қозғалысының маңызына тоқталды.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

— 120 жыл – ауқымды кезең. Кәсіподақтар осынша уақыт жұмысшы халықтың құқығын қорғап келеді. Мемлекет басшысы “Кәсіптік одақтар – қоғамның ажырамас бөлігі, ал еңбек адамы – қоғамның ажырамас құндылығы” дейді. Сіздер әртүрлі бағытта нәтижелі жұмыс істеп жатырсыздар. Бұл тұтас елдің дамуына әсер етіп отыр. Әрқайсыңызды мерейтоймен құттықтаймын, баршаңызға табыс тілеймін!

Қазақстан бойынша құрылған кәсіподақтар мақтауға лайықты. Оларға еңбеккерлер сенеді, қажеттілік туындаған жағдайда жүгінеді. Бірде-бірінің өтініш-тілегі жерде қалмайды.

ЛЮДМИЛА ГАЛИНКОВА, СҚО Кәсіподақ орталығы жанындағы заңгерлік клиниканың жетекшісі:

— Біз ауылды жердегі бюджеттік ұйым қызметкерлерінің коммуналдық шығындарын назарға алып, өтемақы төлеу мәселесін қарастырдық. Оң шешім тапты. Медициналық тексеріс бар. Одан мамандар ақысыз негізде өтеді. Шығын бюджет немесе жұмыс беруші тарапынан өтеледі. Ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі – өзекті мәселенің бірі. Бұл бағытта да бақылау шаралары өтеді. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.

Мерейтойлық шара марапаттау салтанатымен жалғасты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың қолынан түрлі ұйымдарда тер төгіп жүрген кәсіподақ өкілдері түрлі деңгейдегі марапат алды. Жиында ән мен биден де шашу шашылды. Жергілікті өнерпаздар жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

Байболат Құлтанов