Қоғам

“Дамудың” баспасөз-туры: кәсіпкерлердің табысты жобалары

Анар Хамзина – жас кәсіпкер. Ол – төсек-жабдық өндіретін орталықтың иесі. 2024 жылы “Даму” қорының кепілдігімен банк арқылы 20 млн теңге көлемінде несие алып, тігін цехы мен сауда орны орналасқан ғимаратты сатып алған. Қазір кәсіпкер ай сайын шамамен 50-ге жуық төсек-жабдық дайындайды.

АНАР ХАМЗИНА, жас кәсіпкер:

— Жіпті Түркия елінен әкелеміз. Кейін осы жақта тігіп, сатамыз. Әзірге бір тігінші ғана бар. Алдағы уақытта көбірек жұмысшы қабылдауды жоспарлап отырмыз. Төсек-орынды көбіне тапсырыспен орындаймыз. Басқа қалаларға да жеткіземіз. “Даму” қоры несие сомасының 85 пайызын кепілдендірді.

Қордың қолдауын алған табысты жобалардың тағы бірі – “DEZ” компаниясы. Бұл кәсіпорын өңірдегі ең ірі ұн өндірушілердің қатарында. Компания 2002 жылдан бері жұмыс істейді. 5 мың гектар жерге бидай егеді, одан жоғары және бірінші сұрыпты ұн өндіреді. Сонымен қатар, кебек пен құрама жем де шығарады.

ЗЕКАИ ТАНРУКУЛУ, “DEZ” ЖШС директорының орынбасары:

Өнімдеріміз Қазақстанның өзге қалаларына, сондай-ақ Ауғанстан, Тәжікстан және Өзбекстанға экпортталады. Компанияда 90-нан астам маман жұмыс істейді. Айналым қаражатын толықтырып отыру үшін “Өрлеу” қоры бағдарламасының көмегімен банк арқылы 12,6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие рәсімдеп, біраз жабдық алдық.

“АБВГДейка” балаларды ерте дамыту орталығы 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Бағыты – бүлдіршіндерді жан-жақты дамытып, мектепке дайындау. Орталықтың қалада екі филиалы бар, биыл үшіншісін ашу жоспарланып отыр.

ОЛЬГА ЖАРКОВА, “АБВГДейка” ЖШС директоры:

— Биыл тағы бір филиал ашу мақсатында банк арқылы 12,6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алдық. Онда 3 топқа арналған бөлмелер болады. Қазір құрылыс жұмыстарының 60 пайызға аяқталды. Нысанды қараша айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.

Биыл елімізде “Өрлеу” жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. “Даму” қоры аталған жоба аясында қызмет көрсетеді.

СЕРІКБЕК САРЖАН, “Даму” кәсіпкерлік дамыту қоры” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

— Бұл құрал пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға тиімді балама болып, кәсіпкерлерге кідіріссіз қаржыландыру алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 7 млрд теңгеге дейін және одан асатын жобаларға арналған екі Кепілдік қоры іске қосылды.

СЕРІКБЕК САРЖАН, “Даму” кәсіпкерлік дамыту қоры” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

— Енді кәсіпкердің кепілхаты жеткіліксіз болған жағдайда “Даму” қоры жобаларға 7 млрд теңгеге дейін кепілдікті өте қысқа мерзімде – 2 жұмыс күні ішінде береді.

Облыста жыл басынан бері “Даму” қоры арқылы бизнеске 13,4 млрд теңге көлемінде несие-қаржы бағытталып, 86 жобаның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланған.

 

Мәдина Қаби