Облыс орталығында қаңғыбас жануарларды ұстау мен бақылауға жыл сайын 69 млн теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Алайда, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін аздық етеді. Соңғы кезде қаптап кеткен қаңғыбас иттерге қатысты түйткіл партияның жергілікті кеңсесінде өткен жиында талқыланды. Проблема өзекті. Салдарын қоғам сезініп жатыр. Көше кезген төртаяқтылар жыл басынан бері 50-ден аса адамды қауып алған. Оның ішінде мектеп жасындағы балалар да бар. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асановтың пікірінше жануарларды зарарсыздандыру және уақытша ұстауға арналған қызметтер нарығын құру қажет. Сонда салаға бөлінген қаржыдан да нәтиже болады.
ЖЕҢІС АСАНОВ, «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы:
— Егер ертең жүз миллион теңге берілсе де мәселе шешілмейді. Бұл іспен айналысатын компаниялар жоқ – лицензия, жабдық жоқ, жаңа стандарттар бойынша қалай жұмыс істеу керектігін түсінбейді. Біз керісінше әрекет етуіміз керек: ұсыныстар дайындап, бизнес өкілдерін тарту, олардың бұл салаға кіруіне көмектесуіміз қажет.
Жеңіс Асанов ветеринария басқармасына партиямен бірлесе отырып, шағын бизнесті дамытуға қажетті бағыттар мен қажеттіліктер тізімін әзірлеуді ұсынды. Ал партия өз кезегінде бұл мәселені мәслихаттағы фракция деңгейінде қолдауды және алға жылжытуды өз мойнына алмақ.
Данаш Хамза