Экономика және қаржы

Вице-министр өңір кәсіпкерлеріне жаңа Салық кодексі жайлы айтты

Жаңа жылдың алғашқы күнінде жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Бұл жайлы жер-жерде айтылып жатыр. Өзгерістер мен толықтырулар халыққа, оның ішінде кәсіпкерлердің құлағына жету үшін облыстық әкімдік қабырғасында Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың қатысуымен жиын өтті. Алқалы басқосуда ведомство өкілі маңызды құжаттағы негізгі тұстарға кеңінен тоқталды.

ЕРЛАН САҒЫНАЕВ, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

— Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Ашып айтсақ, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды.

Қосылған құн салығының ел экономикасында маңызы зор. Оның жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Ал дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген мөлшерлеме белгіленді: 2026 жылдан 5 пайыз, 2027 жылдан 10 пайыз. Бұл ретте айта кету қажет, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы, баспа түріндегі кітап шығару және археологиялық жұмыс жүргізу сынды қызметтер қосылған құн салығынан босатылады.

ЕРЛАН САҒЫНАЕВ, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

— Жаңа кодекске сәйкес, салықтардың саны азайды: бірыңғай жер салығы қысқартылды, жеке төлемақылар бойынша мөлшерлемелер мен алымдардың саны кемітілді. Корпоративтік табыс салығы 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда, сараланған салықтық мөлшерлеме енгізіледі. Атап айтқанда, банктер мен ойын бизнесі үшін – 25 пайыз. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады.

Жеке табыс салығына қатысты өзгерістер орнайды. Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев әр бағытты, әр санды тілге тиек етті.

ЕРЛАН САҒЫНАЕВ, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

— Жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда құны 75 млн теңгеден асатын автокөліктерге, құны 100 млн теңгеден асатын кемелерге, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады. Сонымен қатар, жалпы құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды.

Облыстық әкімдік қабырғасындағы жиынға бірсыпыра кәсіпкер қатысты. Олардың кейбірі кездесу соңында вице-министрге толғандырған сұрағын қойды.

 

Байболат Құлтанов