НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Биыл облысымызда егін бітік шықты. Диқандардың қажырлы еңбегі мен қолайлы ауа райының арқасында тонналап астық жинап жатырмыз. Қазіргі таңда сары алтын элеваторларға жеткізілуде. Осы орайда өте маңызды сұрақ туындайды. Өнімнің сапасы қандай? Осыны білу үшін арнайы Петропавлдағы “Alem Astyk Export” серіктестігіне келдік.
Қазіргі таңда элеваторға бірнеше облыс пен өңір аудандарынан серіктестіктер астық әкелуде. Қабылдау орнының өз зертханасы бар. Заманауи үлгіде жабдықталған. Бұрын қалай еді? Қызметкерлер қалағын алып, келген “КАМАЗ”-дың алдынан жүгіріп шығып, тіркемесіне мініп жататын. Қазір ол кезең келмеске кеткен. Қызметкерлер жылы бөлмеде отырып, арнайы түтік бекітілген құрылғымен қажетті астық көлемін шетінен іліп алады. Зертхана меңгерушісі Тамара Тәубе жабдықтан түскен бір уыс бидайды жіті зерттейді.
ТАМАРА ТӘУБЕ, “Alem Astyk Export” ЖШС зертхана меңгерушісі:
— Астықты жан-жақты тексереміз. Дән сапасы мен көлемі бойынша сұрыптаймыз. Зиянкестерден амандығын анықтаймыз, ылғалдылығын да тексереміз. Бұл көрсеткіші 14 пайыздан аспауы тиіс. Бірақ, мына жүк көлігі әкелген астықтағы ылғал көлемі 2 пайызға асып кетті. Енді оны кептіруге жібереміз.
Зертхана тексеруінен ойдағыдай өткен жүк көлігі таразыға тұрады. Мамандар көлікті өлшеп, өнім салмағын тіркейді. Таразыдан түскен көлік астықты төгетін шұңқырға барады. Кейін жер астына түскен дақыл кептіру қондырғысына жіберіледі. Астық қабылдау орны 2022 жылы ашылған. Сыйымдылығы 130 мың тоннаны құрайды. 2 кептіру қондырғысы бар. Серіктестікте барлығы 60-қа жуық адам жұмыс істейді.
БАУЫРЖАН САҚАЛОВ, “Alem Astyk Export” ЖШС директоры:
— Астық қабылдау орны 30 пайызға толы. Бүгінге күнге дейін 45 мың тонна астық әкелінді. Дәннің сапасы орташа. Көбінесе 4-санаттағы бидай қабылдадық.
Элеватордағы майлы дақылдар Бельгия, Франция, Польша елдеріне жөнелтіледі. Ал бидай болса Өзбекстан мен Ауғанстанға сатылады екен.
Нұрасыл Ахмет