Қозыбаев университетіне түсіп, Америкада білім алуға болады. Бұл жергілікті білім ордасымен Аризона университетінің екіжақты келісімінің арқасында жүзеге асты. Қазіргі таңда 29 студент Тусон қаласындағы әлемге танымал оқу орындарының бірінде тәлім алып жатыр. Ұл-қыздар грант негізінде оқиды. Оның ішіне АҚШ-та тұру, оқу семестріне арналған шығындар кіреді. Тамағы да тегін. Америкада оқып жүрген жастар мұхиттың ар жағындағы оқу жүйесі біздікінен өзгеше екенін жеткізді.
ӘМІР АҒЗАМОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
— Мен “Биотехнология, мамандығында оқимын. Біз зертханада микроорганизмдерді зерттейміз. Ондағы бактерияларды жоюға тырысамыз. Сабақ барысында бірде-бір минутты босқа өткізбейміз. Әрқайсысымызға түрлі міндеттер жүктелген. Мұнда келген кезде түрлі қиындыққа тап болдық. Оны жеңіп шығуға Қозыбаев университетінің оқытушыларынан алған біліміміз көмектесті.
Әмір Ағзамовтың сөзінше, Аризона университетіндегі студенттік өмір өте қызықты өтуде. Білім ордасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер білім алады. АҚШ-та қазір 29 солтүстікқазақстандық 10 мамандық бойынша оқытылып жатыр. Олар 2026 жылдың ақпанында елге оралады.
ӘМІР АҒЗАМОВ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
— Мемлекетімізге бізге көрсетіп жатқан қолдауы үшін алғысым шексіз. Шынымды айтсам, Америкада білім алу туралы үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Мұнда сабақтан тыс уақытта логикалық ойлауды дамытатын түрлі шаралар өтеді. Тіпті, әлеуметтік желіні қарауға уақытымыз жоқ.
Америкада білім алу жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Студенттер елге оралғаннан кейін қатарластарымен тәжірибе бөліскелі отыр.
Нұрасыл Ахмет