Қоғам

СҚО-да үй құстарының неден қырылғаны анықталды

Қызылжарлық кәсіпкер Ақылбай Мағжан күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған. Дәл балапан санайтын шақта оның бақандай 2 мыңнан астам құсы қырылып қалды. Бұл – үлкен шығын, ауыр соққы. Шақшадай басы шарадай болған іскер жан қанаттылардың неден өлгенін, кімнен көмек сұрарын білдей дал. Банктен алған 10 млн теңгесі де құспен бірге желге ұшты.

АҚЫЛБАЙ МАҒЖАН, кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

— Осы жылы кредит алып, кәсіп бастадық. 5 мың бас құс алынды. Соның 2 мыңнан астамы қырылды. Тәуелсіз сараптама жасату керек. Соны қолға аламыз.

Өкінішке қарай, өңірімізде Ақылбай Мағжан сынды адамдардың саны артуда. Бірінің ондаған, ал бірінің жүздеген құсы ойда-жоқта қырылған. Ауру тарады немесе қанаттылар су мен азықтан уланды. Тұрғындар мен сала өкілдері тарапынан осындай болжам айтылды. Бірден тексеру басталды. Бүгінде сараптама қорытындысы дайын.

ЕРБОЛ БАГЕНОВ, Қызылжар ауданы ветеринариялық станциясының директоры:

— Бугровое ауылы бойынша айтсақ, мұнда құс тұмауы тіркелмеді. Бүгін Астанаға тағы сынама жібердік. Пастереллез ауруы бойынша да тексеру жүргізілді. Бұл ауру расталды. Аталған індет қалай таралуы мүмкін? Жабайы құстардан жұғуы мүмкін.

Қырылған құс толығымен жойылады. Ал шығынға батқан жерлестеріміз мемлекет көмегіне алақан жаюға даяр. Алайда, Үкімет қаулысына сәйкес, пастереллез аса қауіпті аурулардың қатарына жатпайды. Сондықтан, зардап шеккен халыққа өтемақы төленбейді. Бұл жайтқа жергілікті билік көз жұмбақ емес. Ертең аудан әкімі құстары қарылған адамдармен жүздесіп, жәрдем беру мәселесін талқыламақ.

 

Мәдина Қаби