Мәдениет

Орыс халық аспаптары оркестрінің концерті өтті

Қарттар күніне арналған концерт. Ақан сері атындағы облыстық филармонияда орыс халық аспаптары оркестрінің концерті өтті. Кешке келген көрермен орыс ұлтының әуендері мен классикалық шығармалар тыңдады. Оркестрдің құрамында балалайка, домра, баян және үрмелі ағаш аспаптарда ойнайтын музыканттар бар. Концертте филармонияның өзге де шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

ГАЛИНА АЛЕКСАНДРОВА, “Сладка ягода” орыс халық әндері ансамблінің көркемдік жетекшісі:

— Біздің ұжым осыдан 36 жыл бұрын құрылды. Ұжымдағылардың барлығы – егде жастағылар. Филармония қабырғасында оркестрдің сүйемелдеуімен жиі ән айтамыз. Олар өте тәжірибелі. Бүгін Сергей Есениннің “Отговорила роща золотая” әнінің үзіндісін бірге орындаймыз.

Орыс халық аспаптары оркестрінің құрылғанына 5 жылдай болып қалды. Репертуарларында біршама ән бар. Оркестрге 30-ға жуық адам мүшелік етеді. Олар орыс әндерінен бөлек қазақ және әлемдік композиторлардың туындыларын орындайды. Концерт барысында көрермен әр шығармадан кейін ұзақ қол соғып, өнерпаздарға ризашылықтарын білдірді.

БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:

— Оркестр қазір өте үлкен ізденіс үстінде. Ай сайын халық жинап, концерт береді. Әртүрлі тақырыптағы әндері де бар.
Жақында ерекше тәжірибе жүргіздік. Қаламыздағы өнерпаз балаларды жинап, бағдарлама дайындалуда.

Филармониялықтардың биылғы жоспарлары ауқымды. Өнерпаздар таяу арада жасанды интеллектінің көмегімен концерт ұйымдастырмақшы.

 

Мәдина Қаби