Білім

Өңірге Маңғыстау облысынан делегация келді

Өңірге мұнайлы Маңғыстау облысынан делегация келді. Еңбек мобильдігі орталығы өкілдері Қозыбаев университетінің су жаңа корпусына табан тіреп, материалдық-техникалық базамен танысты. Оқу орнында әртүрлі бағыттағы мамандар даярланады. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, медицина және тағы да басқалар. Жасалған жағдай таңдай қақтырады. Қозыбаев университетінің мүмкіндіктері бастан-аяқ айтылды. Жасалған жағдай қонақтардың көңілінен шықты. Олар теріскейге Мағжан сенген талапты жастарды көптеп жібергісі келеді.

ҰЛБАЗАР ОРЫНБАЕВА, Маңғыстау облысының еңбек мобильдігі орталығының директоры:

— Біз студенттермен кездесеміз. Барлығын айтамыз, тамаша мүмкіндіктер барын түсіндіреміз. Шәкіртақы төленеді, керемет жер, оқу орны жаңа, шетелге шығуға мүмкіндік бар. Осыларды жастарға жеткіземіз.

Бағдарлама ауқымды. Алыстан ат терлетіп жеткен меймандар бұған дейін өңірімізге қоныс аударған жандармен де дидарласады.

ҰЛБАЗАР ОРЫНБАЕВА, Маңғыстау облысының еңбек мобильдігі орталығының директоры:

— Табиғат өте керемет. Барғасын осыны айтайын деп отырмыз. Жаңа қоныс аударған азаматшаның үйіне бардық. Алақандай жерден біраз картоп алыпты. Соны көрсетті. Тұрмысымен таныстық.

Маңғыстау – халық тығыз орналасқан аймақ. Ұлбазар Орынбаева өзімен бірге аудан-қалалардағы еңбек мобильдігі орталықтарының директорларын ерте келіпті. Әрқайсысының мақсаты – теріскей тұрғындарының санын арттыру, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау.

ҰЛБАЗАР ОРЫНБАЕВА, Маңғыстау облысының еңбек мобильдігі орталығының директоры:

— Көші-қон саясаты керек. Тіл үйрену, адам санын көбейту қажет. Мектептерді, балабақшаларды көрдік. Адам саны аз. Біз осыған үлес қосуымыз қажет.

Маңғыстау облысынан келген делегация өңірде бірнеше күн болады. Сосын Павлодарға бағыт алады. Қысқаша статистикаға кезек берейік. Аққайыңдар өлкесіне биыл 3144 адам қоныс аударуы қажет. Әзірге жоспар 50 пайызға орындалыпты.

 

Байболат Құлтанов