Қоғам

Мұқтаж жандарға арналып салынып жатқан 4 көппәтерлі баспана жыл соңына дейін қолданысқа беріледі

24 мамырдан бастап 18 жасқа толған, жеке үйі жоқ әр қазақстандық баспана кезегіне тұра алады. “Отбасы банкінің” “orken.otbasy.bank.kz” ақпараттық жүйесі қағазбастылықты біршама жеңілдетті. Енді тұрғын үй кезегіне тұру үшін күні бұрын қамданып, әкімдік ғимаратының есігін қағудың қажеті жоқ. Үйде отырып-ақ тіркелуге болады.

ДАРИНА БӘШЕНОВА, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ маманы:

— 24 мамырдан бастап “Отбасы банк” “Ұлттық даму институты” мәртебесіне ие болды. Егер азаматтың соңғы 5 жыл ішінде өз баспанасы болмаған болса, ол әлеуметтік мәртебесіне қарамастан кезекке тұра алады. Тұрғындарды “orken.otbasy.bank.kz” сайтына кіріп, деректерін жаңартуға шақырамыз.

Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұруға өтінім берген кезде жүйе үміткердің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Азаматтарды есепке қою бір күн ішінде жүзеге асырылады. Тілшілер қауымы жақын күндері қолданысқа берілетін көппәтерлі баспананың жағдайымен танысты. Бір шаршы метрдің құны 180 мың теңге тұрады. Айта кету керек, жыл соңына дейін осындай тағы үш көппәтерлі үй пайдалануға беріледі.

ДАРИНА БӘШЕНОВА, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ маманы:

— Пәтерлердің 70 пайызы әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға беріледі. Оның 20 пайызы жетім балаларға арналған. Жақын күндері М.Жұмабаев көшесі, 282 мекенжайындағы 126 пәтерлік үйге өтініш қабылдау басталады.

Бағдарламаға қатысу үшін үміткердің “Отбасы банкінде” депозиті болуға тиіс. Мына біз тұрған көппәтерлі баспанадағы бір бөлмелі үйдің бағасы 7 млн 200 мың теңгеден басталады. Тұрғындар соның 10 пайызын, яғни, 720 мың теңгесін жинаса жеткілікті.

 

Нұрасыл Ахмет