Жауынгерлік рух пен қарулас бауырластық: “Жеке құрамның ұйымшылдығын қалыптастырудың психологиялық тетіктері”. ҰҰ академиясында “Аналар жүрегі” сарбаз аналар комитеті республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен осындай тақырыпта форум өтті. Шараның ең басты мақсаты – курсанттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, олардың психологиялық дамуын қолдау және жетілдіру.
ФАРИДА БАУБЕКОВА, СҚО сарбаз аналар комитетінің төрайымы:
— Ұйымның міндеті – сарбаз бен ана арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу. Кейбір кезде аналардың ұсыныстары болады немесе мәселелері шығып қалады. Сондай уақытта бізге келіп айта алады.
Шара барысында тәжірибелі мамандар өз ойларын білдірді. Облыстық полиция департаментінің аға инспекторы Серік Әбілғазинов жеке құрамның ұйымшылдығын қалыптастыруда сарбаздардың жауапкершілігін арттыру маңызды дейді.
СЕРІК ӘБІЛҒАЗИНОВ, СҚО полиция департаментінің аға инспекторы:
— Әскери ортада көбіне оқу-далалық жаттығулары бар. Өзім де осы жерде оқығанда сондай сынақтан өткен едім. Бізге 3 күнге тек тамақ пен компас беріп, оқу орталығының алаңына апарып тастайтын. Міне, осындай шаралар көбірек болса жақсы болатын еді.
Білікті психолог Павел Моисеев жауынгер темірдей тәртіпке тәрбиеленсе де жүрегінде үйге деген сағыныш сақталады дейді. Осы ретте қоғам мен әскери орта арасындағы байланыс пен түсіністік маңызды рөл атқарады деген пікірде.
ПАВЕЛ МОИСЕЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ психологиялық қызметінің жетекшісі:
— Әскер академияда физикалық дайындық пен оқу-жаттығу іс-шаралары жеткілікті деңгейде ұйымдастырылған. Дегенмен сарбаздардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста болғаны дұрыс. Себебі, бұл – үлкен психологиялық сынақ. Көп жағдайда сарбаздардың психикасы дәл осы байланыстың үзілуінен әлсірейді. Еліміз үшін саналы әрі мықты жауынгер тәрбиелеу үшін олардың қоғаммен қарым-қатынасын нығайту қажет.
Мұндай іс-шаралар сарбаздардың бойында жауапкершілік пен патриоттық сезімді күшейтіп, олардың моральдық рухани дайындығын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, қазір академияда 500-ден астам курсант білім алуда.
Мәдина Қаби