Қазан айының шуақты күнінде гуманитарлық-техникалық колледжінің алдында ерекше игі шара өтті. Қарттар күні мен мұғалімдер күніне орай студенттер мен ардагер ұстаздар бас қосып, қайың көшеттерін отырғызды. Борис Самусев 50 жылға жуық шәкірт оқытқан. 17 жыл бойы гуманитарлық-техникалық колледжде маман тәрбиелепті. Айтуынша, бүгінгі шара жастардың ұстаз еңбегіне деген ризашылығы іспеттес.
БОРИС САМУСЕВ, ардагер ұстаз:
— Осы жерден зейнетке шықтым. Бірнеше пәннен сабақ бердім, дәріс оқыдым. Алдымнан өтен әр студент мен үшін ыстық. Маған мамандық таңдау бойынша тағы бір мүмкіндік берсе, осы салаға қайта келер едім. Өз мамандығымды ұнатпаған кезім болған емес. Әр жұмыс істеген күнім мен үшін мереке болатын.
Көшет отырғызу барысында үлкендер өнегелі әңгіме айтып, жастарға табиғатты аялау мен еңбектің қадірін түсіндірді. Ал жастар болса аға буын өкілдерінің ақылын мәңгі есте сақтаймыз дейді.
АЛЕКСАНДР ЗАХВАТКИН, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
— Шынымды айтсам, осыншама еңбек еткен ардагер ұстаздармен бірге ағаш егу мен үшін зор құрмет. Олардың айтқан әр сөзі – ақыл, кеңес. Барша ұстаздар қауымын мерекемен құттықтаймын. Біз үшін тер төгіп, талмай еңбек етіп жүргендеріне алғысымды білдіремін.
Мереке қарсаңында ағаш егу колледж ұжымы үшін жыл сайынғы дәстүрге айналған. Есік алдындағы ағаштардың алғашқы легі 15 жыл бұрын егіліпті.
Мәдина Қаби