БілімҚоғамМәдениет

Тәртіп сақшылары өз ұстаздарын мерекемен құттықтады

Ұстаз – ұлы есім. Дәрігерді де, ғарышкерді де, тәртіп сақшысын да оқытқан ұстаз. Әр мамандық иесі осы адамның алдынан өтіп, өмірге жолдама алады. Бұрынғы шәкірттер – қазіргі шенділер – солтүстікқазақстандық полицейлер өз ұстаздарын ұмытпапты. Облыстық полиция департаментінде өткен мерекелік шараға шақырып, ризашылықтарын алғыс хатпен білдірді.

АБЫЛҒАЗЫ ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД бастығының орынбасары:

Сіздердің асыл еңбектеріңізге құрмет ретінде терең алғысымды білдіргім келеді. Сіздер берген білім мен тәртіп біздің қызметкерлеріміздің кәсіби маман болып қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Жиын естелікке толы болды. Әр педагог алдынан тәлім алған жанның үлгерімі жайында баяндады. Лариса Гальчукова – қалалық №26 орта мектептің директоры. Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин дәл осы білім ұясында оқыған екен.

ЛАРИСА ГАЛЬЧУКОВА, №26 орта мектептің директоры:

Әлібек Ғабдуллин бастауыштан бастап тәртібі қиын сыныпта оқыды. Балалар партаға мініп, ойнап, шулап жүретін. Ал Әлібек сабырлы болды. Сыныптастарын тәртіпке шақыратын. Сол кезден тәртіп жолын таңдап, қазір қоғамның тыныштығын қамтамасыз етіп жүр.

Мерекелік шара ведомстволық мәдениет орталығы вокалдық тобының концертімен жалғасты.

 

Ақтолқын Солтанханқызы