Әлеуметтік қызметкер – өмірдің қиын жағдайына тап болған жандарға көмек көрсететін жан. Олар жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға үй шаруасын реттеуде жәрдемдеседі. Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтарда жұмыс істейді. Осы жандардың елеулі еңбегінің маңыздылығын қоғамға көрсету мақсатында елімізде конкурс өтіп жатыр. Байқау “Үздік әлеуметтік қызметкер мен жобалар” деп аталады. Бүгінде сайыстың бірінші кезеңі аяқталған. Іріктеу барысында мыңнан астам өтінім түсіпті. Қазіргі таңда онлайн дауыс беру өтіп жатыр.
АЛТАЙ СЕЙІТОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
— Конкурс екі кезеңнен өтеді: өңірлік және республикалық. Өңірлік тур 1-ші тамыз бен 30-шы қыркүйек аралығында, ал республикалық кезең 13-23-ші қазан аралығында өтеді. 1-і мен 5-і аралығында 1-ші қазаннан бастап www.qamqor.enbek.kz онлайн-платформасында дауыс беру өтеді.
Өтінім беру науқаны барысында ең белсенділік танытқан өңір – Батыс Қазақстан облысы, бұл аймақтан 110 өтінім келіп түсіпті. Ал Солтүстік Қазақстан облысынан 47 маман қатысуға ниет білдірген. Олардың дені “Еңбек ұтқырлығы орталығының үздік қызметкері” номинациясында бақ сынамақ. Жалпы, байқау 7 номинациядан тұрады.
Үздік әлеуметтік қызметкерлер мен жобалар» байқауының номинациялары:
- «Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік жұмыскері»;
- «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік жұмыскері»;
- «Еңбек ұтқырлығы орталығының үздік қызметкері»;
- «Үздік әлеуметтік жоба»;
- «Үздік әлеуметтік педагог»;
- «Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор»;
- «Медициналық-әлеуметтік сараптама саласының үздік қызметкері»
Дауыс тек бір рет және тек бір үміткерге ғана беріледі. Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 24 қазанда – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында Астана қаласында өтеді.
Ақтолқын Солтанханқызы