Аптадағы маңызды жаңалықтарБілім

Облыс әкімі ұлағатты ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтады

Ұстаз болу – жүректің батылдығы. Петропавлда ұрпақ келешегін кемел, ел ертеңін нұрлы қылатын мұғалімдердің төл мерекесі кең көлемде аталып өтілді. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының концерт залы өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған педагогтерге лық толды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, ұлағатты ұстаздардың қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Ұстаз – әрдайым қадірлі жіне қастерлі тұлға болып саналады. Ұстаз болу тек кәсіп емес, білім мен тәрбиеге деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі. Еліміздің болашағы жастарды жақсылыққа баулуда мұғалімдердің қосатын үлесі орасан зор.

Құттықтау сөзден кейін кезек марапаттау рәсіміне де келіп жетті. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов педагогтерге түрлі деңгейдегі марапаттар табыстады. Шарада алғаш болып Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Кәмшат Әбішева құрметке бөленді. Ұстазға ас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіне қосқан елеулі үлесі үшін Оқу-ағарту министрлігінің атынан “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісі табысталды. Білім беру саласында 20 жылдан астам уақыт жүрген жанның қуанышында шек жоқ.

КӘМШАТ ӘБІШЕВА, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:

— Менде қайтадан таңдау болса, ұстаздық жолды таңдар едім. Кішкентай кезімнен бастауыш сынып мұғалім болуды армандадым. Себебі, кішкентай балаларды қатты жақсы көремін.

Білім беру саласына саналы ғұмырын арнаған ардагер ұстаздардан бастап, жас мамандарға дейін мерекелік басқосудың қадірлі қонағы болды. Өткенді ұмытып, болашаққа қадам басу мүмкін емес. Қазіргі деңгейге жетуіміз ардагер ұстаздардың арқасы деп айтуға толық негіз бар. Ол жандардың да еңбегін ұмыт қалдырмаған жөн. Көпшілікке қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде жақсы таныс Жангелді Тәжиннің 45 жыл ұстаздық жолда жүргенін көбі біле бермейді. Ел ағасы осы бағытты таңдағанына өкінген емес.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, ардагер ұстаз:

— Барша әріптестерімді, артымнан еріп келе жатқан ізбасарларымды төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әкем үшін ұстаздан биік адам болмайтын. Сондықтан, менің мұғалім болғанымды қалады.

Салтанатты шарада 50-ден астам ұстаз түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды. Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ұстаздар қауымына жергілікті және астаналық өнерпаздар әсем әнмен шаттық сыйлады.

 

Нұрасыл Ахмет