Спорт

“Құлагер” ХК-ның жастар командасының басшысы ойыншыларды алдап ақша алды деп айыпталуда

“Құлагер” хоккей клубының басы тағы да дауға қалды. Жастар командасының басшысы Сергей Филь құраманың ресейлік ойыншыларынан “Қазақстан азаматтығын рәсімдеуді жеделдетіп беремін” деп ақша алып, кейін ізін суытқан. Бейресми деректерге сүйенсек, 4 хоккейші күдіктіге алданып, 1 млн теңгеден астам қаржыны қолына ұстатқан. Айта кету керек, ол бұған дейін Ресейде алаяқтық, ұрлық фактілері бойынша іздеуде болған екен. Бірақ, білдей бір хоккей командасын қалай басқарып жүргені таңқаларлық жағдай. Қоғамның қызу талқысына түскен жағдай жайлы “Құлагер” хоккей клубының басшылығы пікір білдірді.

ИГОРЬ ШЕРСТОВ, “Құлагер” ХК директоры:

— Клубтың бұл оқиғаға мүлдем қатысы жоқ. Біз құқық қорғау органдарына орын алған жайттың мән-жайын анықтауға көмек көрсетуге әзірміз. Сергей Филь ұжымда 2024 жылдың желтоқсанынан бері еңбек етеді. Бірақ, 24 қыркүйектен бастап ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Егер бір айдың ішінде байланысқа шықпаса жұмыстан шығарамыз. Бұрында іздеуде болғаны жайлы хабарымыз жоқ.