Петропавлда әйелдер командалары арасында волейболдан ел чемпионаты бастау алды. Біріншілік шымылдығын жергілікті “Қуаныш” пен елордалық “Астана” командасы ашты. Спортсүйер қауым ұзақ күткен дода жанкүйерлерге нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кездесу өте тартысты өтіп жатыр. Екі команда да бір-біріне дес берер емес. Әр волейболшы допты өз алаңына түсіріп алмас үшін жанын салып ойнауда. Тіпті, кейбір сәтте конақ команда алға шыққан сәттер де болды. Бірақ, теріскейлік спортшылар тез жиналып, бірінші партияда жеңісті жұлып алды.
ЕРМЕК СЫРЛЫБАЕВ, чемпионаттың бас төрешісі:
— Бұл – бірінші айналым. Топта 4 команда бар. Олар: “Астана”, “Қуаныш”, “Қарағанды”, “Ақтөбе”. Ал елордада “Берел”, “Тұран”, “Жетісу”, “Алматы” құрамалары өзара мықтыны анықтауда.
Екінші кезеңде “Қуаныштың” қарсыласынан деңгейі әлдеқайда басым екені көрінді. Шабуыл мен қорғаныстағы сауатты ойынның арқасында теріскейлік ұжым бұл партияда да жеңіске жетті. Елордалық қыздар қанша тырысса да теріскейліктерден асып түсе алмады. Айта кету керек, ағымдағы жылы “Қуаныш” волейбол клубының құрамының тең жартысы өзгерген. Командаға жаңадан шетелдік ойыншылар да келген екен.
ҚАЙЫРБЕК ХАМЗИН, “Қуаныш” ВК директоры:
— Чемпионатқа дайындықты шілде айынан бастадық. Биыл командаға жаға жаттықтырушы келді.
3-партияның қорытындысы бойынша “Қуаныш” волейбол клубы астаналықтарды ойсырата жеңіп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Айта кету керек, волейболдан ел чемпионаты 2026 жылдың наурызына дейін жалғасады.
Мәдина Қаби