Қалада қаңғыбас иттер көбейді. Иесіз жүрген жануарларды шет ауданда, қоқыс маңында ғана емес, қазір орталық көшелерден де байқауға болады. Алдыңнан кенет атып шықса, бас салып, қауып алуы да ғажап емес. Ал оның салдары соқпақты болуы мүмкін. Мәселе бүгін “AMANAT” партиясының облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында талқыланды.
ЖАҚСЫЛЫҚ БАЙБОСЫНОВ, қалалық ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары:
— Қалада жыл басынан бері ит қауып алудың 53 фактісі тіркелді. Жапа шекендердің ішінде кәмелетке толмаған балалар да бар. Оқыс оқиғалардың дені жер үйлерде және адам көп шоғырланған жерлерде орын алады. Қаңғыбас иттер тұрғындарға тек шабуыл жасап қана қоймай, түрлі ауру жұқтыруы мүмкін.
Көше кезген иттің иесі болуы мүмкін. Жануарының жағдайына немқұрайлы қарайтын жандардың оларды үй ауласынан сыртқа шығарып жіберген жағдайлар аз емес. Жуырда 42-ші мектептің алдында бос жүрген алабай оқушылар мен үлкендердің зәресін алған. Ақыры ұсталған иттің иесі бар болып шықты. Оған 55 мың теңге көлемінде айыппұл салынған екен. Абырой болғанда дәу алабай адам қапқан жоқ.
ЖАҚСЫЛЫҚ БАЙБОСЫНОВ, қалалық ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары:
— Жыл басынан бері өңірде жануарларды үйде ұстауға қатысты талапты орындамаған 150-ден астам факті анықталды. 2022 жылдың наурыз айында күшіне енген “Жануарларға жауапкершілікпен қарау” заңына сәйкес оларды атуға шектеу қойылған болатын. Салдарынан қаңғыбас иттердің саны артуда.
Петропавлда жануарларға арналған баспана салынуы мүмкін
Ал мәселені қалай шешуге болады? Ол үшін қаңғыбас иттерге арналған баспана қажет дейді жиынға қатысушылар. Қаладағы мұндай нысандарда қазір орын жоқ. Алдағы уақытта 500 ит пен 200 мысық паналайтын орын салу жоспарда бар, бірақ оған қаржы қажет.
Ақтолқын Солтанханқызы