Облыста күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Биыл теріскейден жоспар бойынша 500 жас армия қатарын толтырмақ. Бүгін соның жиырмасы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Дәстүрге сай облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте тепсе темір үзетін жігіттерді әскерге шығарып салу шарасы өтті. Мына азаматтар бүгін Қонаев қаласына аттанады. Олар 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасында борышын өтемек. Болашақ сарбаздар 3 күн бойы іріктелген. Медициналық және психологиялық тексерістен сәтті өтіпті.
НҰРЖАН МАҚАШЕВ, 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының өкілі, Қонаев қаласы:
— Бригадада әскери борышын өтеген сарбаздарды парашюттен секіруге үйретеміз. Жауынгерлік қабілеттері қазіргіден анағұрлым артады.
Мінберге шыққан шенділер қаз-қатар сап түзеген жігіттерге жалынды сөздер мен жақсы тілектер айтты. Естелік сыйлықтар да табысталды. Көп ұзамай әскерден хат жазатын болашақ сарбаздарға кеңсе тауарлары аса қажет болатыны сөзсіз. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған жастың бірі – тайыншалық Нұрәділ Теміржан. Ол бала кезінен әскери адам болғысы келген екен.
НҰРӘДІЛ ТЕМІРЖАН, әскерге шақырылушы:
— Бала кезде десантшы болғым келетін. Арманым орындалды. Әскерде жүріп, жоғары оқу орнына грант ұтып алғым келеді.
Айта кету керек, қазанның 8-і күні облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттен тағы 25 жас әскерге аттанады.
Нұрасыл Ахмет