Астанада ұстаздар күні қарсаңында салтанатты жиын өтті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің үздік педагогтеріне мемлекеттік наградалар табыстады. Марапатқа ие болғандардың арасында солтүстікқазақстандықтар да бар. “Ерен еңбегі үшін” медалі Уәлиханов ауданыдағы Мортық орта мектебінің математика пәні мұғалімі Гүлжан Сеитоваға табысталды. Ұлағатты ұстаздың білім беру саласында 35 жылға жуық тәжірибесі бар. Дәл осы наградаға Петропавлдағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Сәруәр Базарбаева да ие болды. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы студенттерді бухгалтерлік іске баулып келеді. Қос педагогтің жетекшілігімен талай жас түрлі олимпиадалар мен байқауларда жеңімпаз атанған.