Жол активтері сапасының ұлттық орталығы облыстық филиалының қызметкерлері жол сапасын жасанды интеллектінің көмегімен тексереді. Заман игілігі мамандардың жұмысын әлдеқайда жеңілдеткен. Олар көлікпен жүре отырып, жаңашылдық арқылы асфальтқа диагностика жүргізеді. Яғни, жол жабындысының беріктігі, тегістігі, геометриялық жағдайын бақылайды. Тіпті, жолдағы сызаттарды да анықтауға мүмкіндік береді.
ЕРКЕН ӘБІЛМӘЖІНОВ, “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚОФ мемлекеттік есеп бөлімінің инженері:
— Бұрын әр 100 шақырым жолға қатысты деректерді өңдеу үшін 4 күн уақытымыз кететін. “SRDS” бағдарламасының арқасында қолымыз ұзарды. 4 сағаттың ішінде барлық жұмысты тындыра аламыз. Бұл өз кезегінде тексеру процесін де жеңілдетті. Айта кету керек, диагностика жұмыстары арнайы жабдықталған жылжымалы зертхана арқылы жүргізіледі.
Бір сөзбен айтқанда, орталық мамандары Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындап, жасанды интеллектіні өз пайдасына жаратуда. Мына бір кабинетте келіп түскен деректер өңделеді екен. Диагностика жұмыстары бойынша ақпарат Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне жіберіледі. Нәтижесінде жолдардың қажеттіліктері ескеріледі. Бағдарлама жол қауіпсіздігін арттыруға, жөндеуге, қайта жаңғыртуға, сонымен қатар, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
ҒАЛЫМЖАН ТҰРҒЫНОВ, “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚОФ мемлекеттік есеп бөлімінің технигі:
— Заман игілігінің арқасында жол жамылғысындағы шұңқырлар мен ойықтарды автоматты түрде анықтаймыз. Олардың көлемі мен ұзындығын өлшейміз. Шынымды айтсам, өз басым жаңа жүйенің енгізілгеніне қуаныштымын. Енді қаншама уақытымыз үнемделіп, біраз шаруа тындырылады.
Айта кету керек, жыл басынан бері облыста мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар жол диагностикалық тексеруден өткен.
Нұрасыл Ахмет