“AMANAT” партиясының облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысы өтті. Кездесуде цифрлық технологиялардың білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйелеріне тигізіп жатқан әсері талқыланды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова жасанды интеллект өңірдің білім саласына біртіндеп енгізіліп жатыр дейді.
ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:
— 2025–2026 оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект туралы тақырыптар қосылады. Қазірдің өзінде 270 оқушы бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша курстардан өтті. 300-ден астам мұғалім жаңа STEM-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгерді. Мектеп балалар жасанды интеллект дәуіріне бейімделіп, ойлануды үйренетін орта болуы тиіс.
Цифрландыру процесі денсаулық сақтау басқармасында жүріп жатыр. Қазірдің өзінде өңірде электронды денсаулық карталары, дәрігерге онлайн жазылу, телемедицина және науқастардың жағдайын қашықтан бақылау жүйелері қарқынды түрде қолданылып келеді.
МАМАДИЯР БАЙҒҰЛОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
«Телемедицинаның арқасында ауыл тұрғындары өз елді мекендерінен шықпай-ақ кардиолог, эндокринолог, педиатр сияқты мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Пилоттық жоба аясында 8 мыңнан астам консультация жүргізілді.
Сондай ақ, медициналық мекемелерде Smart ECG жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл технология дәрігерлерге ЭКГ деректерін қашықтан талдауға және диагноз қою жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ақтолқын Солтанханқызы