Елімізде 2019 жылдан бері “Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданды. Негізгі мақсат – ұстаздардың қоғамдағы рөлін арттыру, әлеуметтік қолдау көрсету және дамуына жағдай жасау болып табылады. Қажырлы еңбек еткен педагогтарға бірқатар марапат қарастырылған. Соның бірі – «Солтүстік Қазақстан облысының үздік педагогы» атағы. Үздік атанған жанға 300 АЕК көлемінде сыйақы беріледі. Сондай-ақ, білікті мамандар “Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанып, «Мағжан Жұмабаев» төсбелгісімен марапатталады.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Өңірде биыл «Ерен еңбегі үшін» медалімен Петропавл қаласының М. Айтхожин атындағы №1 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Кузурман Вадим Александрович пен Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Сәруар Оразқызы Базарбаева марапатталды. Ал «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» жоғары атағына Петропавл қаласы №4 орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Шолпан Бақытқызы Аблемова ие болды.
Ал жас мамандарды ауылдық жерлерге көптеп тарту мақсатында “Дипломмен ауылға” бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Біржолғы көтерме жәрдемақы – 100 айлық есептік көрсеткіш. Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған бюджеттік кредит сомасы – айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 100 еселенген мөлшеріне дейін, мерзімі – 15 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 0,01% құрайды.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың шешімімен ауылдық жерлердегі ұстаздарға отын сатып алу үшін біржолғы төлем түрінде қосымша қолдау шаралары қарастырылған. Жалпы, өңірдің білім беру жүйесінде 16 мыңға жуық педагог жұмыс істейді, оның 12 мыңға жуығы – жалпы орта білім беру жүйесінде.
Ақтолқын Солтанханқызы