Мәдениет

Өнерлі ұстаздардың шығармашылық туындылары көрмеге қойылды

С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Ұстаздар күніне орай суретші мұғалімдердің туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Көпшілік назарына Оқушылар сарайындағы көркемөнер мектебінің талантты педагог-суретшілерінің шығармалары ұсынылды. Акварель, майлы бояу, графика және қолданбалы өнер туындыларының мұнда түр-түрі бар. Көптің ішінен Айжан Даированың еңбегі ерекше көзге түседі. Ол күнделікті қолданыстағы заттарды үйлестіре отырып көз тартарлық дүниелер жасаған.

АЙЖАН ДАИРОВА, суретші, дизайнер:

— Мынау – тақия мен қамзол. Келесісі – шуағын шашып тұрған ағаш бейнесі. Бұл туындымды кәдімгі матаға жібек пен қой жүнін жабыстыра отырып жасадым. Бірнеше түс қолдандым. Бояудың әр түрлі болуы адамның көңіл күйіне оң әсер береді.

Әр суретте автордың өмірге деген көзқарасы, ішкі толғанысы мен шабытынан туған бояу құдыреті айқын көрінеді. Мұғалімдердің туындыларында туған жердің табиғаты, ұлттық құндылықтар мен табиғатты қорғау тақырыптары қамтылған.

НАТАЛЬЯ ЧУРЯК, С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім басшысы:

— Көрме ұйымдастырудағы мақсат – ұстаздардың тек шәкірт тәрбиелеудегі еңбегін ғана емес, олардың шығармашылық қабілетін паш ету. Әр еңбектің астарында терең мән-мағына жатыр. Ақын ой-толғауын, мұңын өлең жолдарымен жеткізсе, суретші картина арқылы білдіреді. Бұл өнерді бағалай білуіміз қажет.

Жалпы, көрмеге 10-нан астам оқытушының 30-ға жуық туындысы қойылды. Көрме кітапханада бір ай көлемінде жалғасады.

 

Мәдина Қаби