Домбыра – қазақ халқының қастерлі мұрасы, ұлт рухын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін құнды аспап. Бүгінде осы өнерді шәкірттеріне үйретіп жүрген жандардың бірі – С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның домбыра сыныбының мұғалімі Бәйімбет Құбайдолла. Оның домбыраны серік еткеніне 20 жылға жуықтаған. Өнерлі ұстаз 100-ге жуық күй біледі.
Бәйімбет Асылханұлы оқушыларға домбыра арқылы күй үйретіп қана қоймай, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктерін оятады.
БӘЙІМБЕТ ҚҰБАЙДОЛЛА, С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның домбыра сыныбының мұғалімі:
— Біз осы жылы 60 баланың өнерін тыңдадық. Әрине, оның барлығын қабылдай алмаймыз. Өзім 10 бала оқытамын.
Талай республикалық сайыстың жүлдегері атанған азаматтың шәкірттері бүгінде күй орындауда алдарына жан салмайды. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орын иеленіп жүр. Оқушылардың айтуынша, домбыра сабағы қызықты өтеді, ал ұстаздың берген тәлімі олардың өнерге деген ынтасын арттыра түседі. Абзал Қарақоржиннің домбыраны қолға алғанына небәрі 3 жыл болыпты. Қазір 10-ға жуық күй орындай алады.
АБЗАЛ ҚАРАҚОРЖИН, оқушы:
— Домбыраға қатысып жүргеніме 3 жылдай болды. Ағайым өзіме қатты ұнайды. Барлығын жақсы түсіндіреді. Ол болмаса домбыра тартуды да білмес едім.
Ұлағатты ұстаз балалардың домбыраға деген ынтасын ояту үшін түрлі жобалар да ойлап табуда. Саусақтары дұрыс қимылдап, әуенді дұрыс сезіне білу үшін тапсырмалар әзірлеген. Қазір білікті маман оқушыларын қалалық сайысқа дайындауда. Ұстаз бен шәкірттерінің бағындырар белестері көп.
Мәдина Қаби