Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің мамандары «Қызылжар су» серіктестігінде инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылуына қоғамдық мониторинг жүргізді. Кәсіпорында бағдарлама аясында биылға 365 млн теңге қарастырылған. Мұнда ұзындығы 3 шақырымнан астам желіні күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 263 млн теңге бөлінген.
АНДРЕЙ ФОМИЧЕНКО, «Қызылжар су» ЖШС бас инженері:
— Жоспардың тең жартысы орындалды. 2 шақырымнан астам су құбыры мен 1 жарым шақырымнан астам кәріз желісі салынды. Жыл соңына дейін 6 жарым км-ге жуық және 2 жарым км кәріз желісін тарту көзделіп отыр. Инвестициялық бағдарламаны толық орындаймыз. Тиісті конкурс өткізілді, мердігер анықталды. Алдағы екі айда бағдарлама 100 пайыз жүзеге асады.
Жыл басынан бері технологиялық құбырлар мен сүзгі станциясының жабдықтары жөнделді. Сондай-ақ, су құбыры мен кәріз желілеріндегі құдықтарға, өрт сөндіру гидранттарына және су колонкаларына ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілуде. Кәріз желілері жуылды. Қыста болған апат салдарын қалыпқа келтіру кезінде бүлінген жолдар мен тротуарлар түзетілді. Барлығы – 2 мың шаршы метр асфальт төселген. Инвестициялық бағдарлама аясында 34 апатты нысанды жөндеу жоспарланған. Жұмыстың кей бөлігі келесі жылға қалдырылады.
АНДРЕЙ ФОМИЧЕНКО, «Қызылжар су» ЖШС бас инженері:
— Биыл енгізілген сараланған тарифтің нәтижесінде 71 млн теңге қосымша табыс түсті. Бұл қаржы да инвестициялық бағдарламаға енгізіліп, су құбыры мен кәріз желілерін салуға жұмсалады. Апатты учаскелер алдын ала анықталды. Бағдарлама жыл сайын нақтыланып, жоспар құрылып, жобалар дайындалады. Алдымен ЖСҚ әзірленеді, содан кейін бағдарлама іске асырылады.
Инвестициялық бағдарлама аясында 74 млн теңгеден астам сомаға 24 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу көзделген. Мамандардың айтуынша жоспарланған жұмыстың нәтижесінде желілер жаңарып, сумен жабдықтау жүйесіндегі су шығыны азаяды.
Мәдина Қаби