Қоғам

Әйеліне дөрекі сөйлеген петропавлдыққа қатысты сот үкімі шықты

Бүгін Петропавлда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер бойынша сот процесі өтті. 35-тегі ер адам үйде жанжал шығарды және басы істіп болып, ішімдік ішпеу туралы тыйымды бұзды деп айыпталуда.

Жағдай былай болған. Азаматтық некеде тұратын айыпталушы мен жәбірленуші үстел басында сөзге келіп қалады. Жанжал ұлғайып, ер адам әйеліне былапыт сөздер айтқан. Ұрыстың басты себебі – қызғаныш. Сол сәтте нәзікжанды тәртіп сақшыларын шақыртады. Ер адам бұған дейін де осы себеппен істі болып, 30 күн қамауда отырған. Бүгін оған қатысты тағы жаза тайындалды.

ГҮЛІМ ӘЛЖАНОВА, Петропавл қаласы әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы:

— ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 73-ші бабының 2-ші бөлігі және 669-шы баптың 3-ші бөлігі бойынша жүргізілген әкімшілік іс бойынша шешім қабылданды. Айыпталушы кінәлі деп танылды. Оған соттың шешімімен сәйкес бірінші іс бойынша 40 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады, ал екінші іс бойынша 20 күнге бас бостандығынан айырылсын.

Сот шешімі бүгіннен бастап заңдық күшіне енді. Жалпы, жыл басынан бері өңірде осындай бірнеше сот процесі өткен.

ЗАРИНА ТУКАЖАНОВА, Петропавл қаласы прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры:

Негізгі мақсат – кінәлілерді жауапкершілікке тарту ғана емес, сонымен қатар, халық арасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеушілікті қалыптастыру болып табылады. Негізі, жанжалдардың басым көпшілігі масаң күйде жасалып жатады. Ащы суға тойып алған жандар дөрекі сөйлеп, тіпті отбасы мүшелеріне қол көтеріп жатады.

Жалпы, жыл басынан бері қалада отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер бойынша 800-ден астам іс қаралған.

 

Ақтолқын Солтанханқызы