Келмей жатып тұтқындалды. Петропавлда полицейлер есірткі сатуға келген 22 жастағы елорда тұрғынын ұстады. Жас жігіт облыс орталығына қыркүйектің 20-сы келген. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оны келген күні аса ірі көлемдегі психотроптық заттармен ұстаған. Тексеру жұмыстары кезінде ер адамнан 34 түйіншек мефедронның аналогы анықталды. Сонымен қатар, жалдамалы пәтерінен тағы 60 түйіншек зиянды зат табылды. Одан барлығы – 104 грамм “синтетика” тәркіленді. Қазіргі таңда тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
— Жыл басынан СҚО-да есірткі сату күдігімен 40-тан астам адам ұсталды. Олардың 36-сы – 25 жасқа дейінгі жастар. Аталған қылмысқа қатысы бар жандар 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын еске саламыз. Айта кету керек, есірткі саудасын ұйымдастырушылар қыз-жігіттерді “оңай табыспен” қызықтырып, азғырады. Осыған сеніп, шалыс басқан жастар бірінші күні-ақ ұсталып, түрмеге тоғытылады, – делінген СҚО ПД баспасөз қызметі хабарламасында.