Қоғам

Петропавл 2-ЖЭО орталығы жылыту маусымына сақадай сай

Петропавл 2-ЖЭО орталығы жылыту маусымына толықтай дайын. Ресми түрде дайындық актісін алған. Бұл туралы “AMANAT” партиясының облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму, экология және аграрлық сектор жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында айтылды. Бұған дейін тұрғындар үшін аса маңызды нысанның жағдайы талай мәрте қызу талқыға түскен болатын.

ПЕТР БОГДАНОВ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас инженері:

— Мұржаның құлауы станция нысандарының тозғанын және қаржыландырудың аздығын көрсетті. Жөндеу жұмысына 26,8 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. 3 жылдың ішінде қазандықтар мен турбиналар күрделі жөндеу жүрді, 180 метрлік мұржа бой көтерді. Нысанның қоймасында 169 мың тонна көмір бар. Бұл алдағы жылыту маусымын қиындықсыз өткізуге жеткілікті.

Петропавлда иесіз жануарларға арналған паналау орталығы ашылады

Алқалы отырыста иесіз жануарлардың да мәселесі қаралды. Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Наталья Тараканованың сөзінше, қала тұрғындары қаңғыбас ит-мысықтарға арналған паналау орталығының ашылғанын қалайды. Бұл мәселе жақында өз шешімін таппақ.

НАТАЛЬЯ ТАРАКАНОВА, СҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

— 500 ит пен 30 мысыққа арналған нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бірақ, әзірге қаржы бөлінген жоқ. Биыл басқарма 300 ит-мысыққа вакцина салу мен стерилизация жүргізуі тиіс болатын. Жоспар 90 пайызға орындалды.

Қаңғыбас иттер қай кезде болмасын адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Егер қауып алса, түрлі ауру жұқтыруы ғажап емес. Сондықтан, бұл шаралардың жүйелі түрде жүргізілуі қоғам үшін аса маңызды.

 

Мәдина Қаби