СҚО әкімдігіМәдениет

Облыс әкімі қарттарды құттықтады

Бірінші қазан – қазыналы қарттар күні. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аға буын өкілдерін осынау айтулы мерекемен құттықтады. Шара әдеттегідей зәулім ғимараттарда емес, 1 ай бұрын ғана таспасы қиылған Мағжан орталығында өтті. Мына тұрған қарияларға тарихи нысанның тыныс-тіршілігімен танысу бір ғанибет екені сөзсіз.

Кейін жиналғандардың барлығы ғимараттың ішіне бас сұқты. Мына қазыналы қарттардың арасында “Мағжан орталығына” алғаш келгендер де бар. Олар нысанға аяқ баса салысымен таңданыстарын жасырмады. Шара барысында облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова қатысушыларға “Мен жастарға сенемін” деп жырлаған біртуар тұлғаның өмірбаяны жайлы айтып берді.

Орталықта марғасқа Мағжанға қатысты құнды құжаттар жетерлік. Кейбірі өзге елдерден алынған. Тіпті, 1927 жылы жарық көрген физика пәні оқулығы бар. Экскурсия барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысушыларға орақ науқанының барысы жайлы айтып берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Ең алдымен сіздерді келіп жеткен мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Қазіргі таңда орақ науқанының 80 пайызға жуығын аяқтадық. Шығымдылық көрсеткіші 18,1 центнерді құрайды. Ал бастырылған астық көлемі 4 млн тоннадан асады. Алдарыңызға ырыс жету үшін біз күн-түн демей еңбек етудеміз.

Қазақта қарты бар елдің қазынасы бар дейді. Аға буын өкілдері – әр уақытта ардақ тұтар ақылшымыз, жол сілтейтін жақындарымыз. Сондықтан да мұндай жандарға құрмет көрсету перзенттік парызымыз болып саналады. Бүгінгі экскурсия облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Карабельниковтің көңілінен шығыпты.

АНАТОЛИЙ КОРАБЕЛЬНИКОВ, СҚО ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

— Петропавлда “Мағжан орталығының” ашылғанына қуаныштымын. Бүгінгі экскурсиядан мол мағлұмат алдым. Мағжаннан бөлек басқа да нар тұлғалардың еңбектерін көрдім. Тарихи нысанға жастар көптеп келсе екен деймін. Мұнда ұл-қыздардың жарқын болашағына қажетті дүниелер жетерлік.

Қазіргі таңда облыста 104 мыңнан астам зейнеткер бар. Бүгін олардың барлығы қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Тек кондукторға жеке куәлігін көрсетсе болғаны.

 

Нұрасыл Ахмет