Халықаралық қарттар күнінде Петропавлдағы медициналық колледж ардагерлері құрметке бөленді. Білім ұясының студенттері зейнеткерлер үшін ауқымды концерттік бағдарлама әзірлеп, марапаттарын ұсынды. Бұл оқу орнында игі дәстүрге айналған. 75 жастағы Күлпән Бәйленованың денсаулық сақтау саласында 40 жылдан астам өтілі бар. Соның 10 жылын аталған колледжде өткізген. Осы уақыт ішінде 5 мыңға жуық шәкірт тәрбиелепті. Нәзікжандыдан тәлім алған жастар қазір білдей бір аурухананы басқарып отыр.
КҮЛПӘН БӘЙЛЕНОВА, зейнеткер:
— Мамандығым бойынша – терапевтпін. Ауылдан қалаға көшіп келгеннен кейін ауруханада жұмыс істедім. Жалақым аз болды. Сондықтан, ұстаздыққа бет бұрдым.
Жұмағали Тілеулин атындағы медициналық колледждің бір ғасырға жуық тарихы бар. Оқу орнының дамуына, білікті мамандарды дайындауда мына жандардың қосқан үлесі зор. Ардагерлер қай кезде болмасын құрметке лайық. Бүгінгі шара зейнеткерлердің көңілін көтеру мақсатында ғана өткен жоқ. Болашақ дәрігерлер мен жас мамандар саланың жілігін шағып, майын ішкен жандармен тілдесу мүмкіндігіне ие болды.
АРДАҚ ХАСЕНОВА, Ж.Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің оқытушысы:
— Ардагерлерден үйренеріміз көп. Олардың айтқан ақылы – біз үшін баға жетпес байлық. Ұстаздарымызға әрдайым есігіміз ашық.
Шара соңында зейнеткерлер үшін колледж мұражайында экскурсия ұйымдастырылды.
Нұрасыл Ахмет