Қарттар күнінде №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің ауласында ерекше игі бастама қолға алынды.
МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
— Мұнда мектеп оқушылары, мұғалімдер мен ардагер ұстаздар бірге ағаш көшеттерін отырғызуда. “Ата – бәйтерек, бала – жапырақ” деген сөз бар. Бүгінгі шара сол нақылдың айқын көрінісі іспетті.
Бірі күрек ұстап жер қазса, енді бірі шелекпен су құйып жүр. Көшет отырғызушылардың мақсаты – табиғатты аялау, жас ұрпаққа еңбек пен бірліктің үлгісін көрсету.
ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:
— Президентіміздің “Таза Қазақстан” акциясын біз де қолдаймыз. Осындай шараға қатысу үшін біздің алдымызда жұмыс істеген мұғалімдер және қазір еңбек етіп жатқан мамандар қатысып отыр.
Жұмыла атқарған жұмыстың нәтижесінде 10 шақты қайың ағашы егілді. Бұл жер енді “Қариялар аллеясы” деп аталады. Алдағы уақытта мұнда тағы да ағаштар отырғызылып, шағын саябаққа айналмақ.
АЛМАС ЕДІЛБАЕВ, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің мұғалімі:
— Бұл акция арқылы жастарға үлгі-өнеге көрсетудеміз.
Шараның жалғасы мектеп ішінде өтті. Қонақтар бұрынғы еңбек орнын аралап, естеліктерімен бөлісті. Өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынып, өнерлерін ортаға салды. Жалпы, аталған мектепте еңбек еткен 30-дан астам ардагер ұстазға құрмет көрсетіліп, сыйлықтар табыс етілді. Сәуле Кереева – ардагер ұстаз. Жасы 70-ке таяған педагог талай жыл қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып еңбек етіпті. Сәуле Әбуқызы ұстаздық – ешқашан ескірмейтін мамандық дейді. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” демекші, ол әлі күнге дейін өз ісін сағынып, шәкірттерін ыстық ықыласпен еске алады.
СӘУЛЕ КЕРЕЕВА, ардагер ұстаз:
— Оқушыларды көргенде оларды өзім оқытқандай болдым. Себебі, әрбір оқушы біз үшін маңызды, әрбірінің орны бөлек. Оқушы бақытты болса, ұстазда да бақытты.
17-ші ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде бүгінде 2 мыңға жуық оқушы бар. Оларға 150-ге тарта ұстаз білім береді.
Мәдина Қаби