Бүгін – Халықаралық қарттар күні. Атаулы датаға орай қазыналы қариялар қошеметке бөленді. Мерекелік шара қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Кіреберісінде қолдан тоқылған киімдер мен ойыншықтар және суреттердің көрмесі өтті. Бұл – шебер қариялардың төл еңбегі. Көрмеден бастау алып, марапаттауға ұласқан шараға қала әкімі Серік Мұхамедиев қатысты. Ол салтанатты жиын барысында қаланың дамуына елеулі үлес қосқан, ал қазір зейнеттік демалыстағы екі азаматқа алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, петропавлдық аға буын өкілдерін бүгінігі мерекемен құттықтады.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
— Сіздерді шын жүректен ең жылы әрі нұрлы мереке – Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақыт пен береке тілеймін. Отбастарыңызда әрдайым сүйіспеншілік, өзара түсіністік пен жылулық орнасын. Еңбектеріңізге, даналығыңызға және Петропавлдың дамуына қосқан үлестеріңізге алғыс айтамыз. Біз сіздермен мақтанамыз және әрқашан жандарыңыздан табылатын боламыз!
Шара барысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауда жүлделі орын алған жандар марапатталды. Солардың бірі – Мұхамедияр Шаяхин. Сегіз қырлы, бір сырлы ағамыз өнер ұжымдары арасында “Үздік ардагер” номинациясында 3-ші дәрежелі дипломға ие болыпты.
МҰХАМЕДИЯР ШАЯХИН, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:
— Конкурсқа көптеген адам қатысты. Мен өзім кезінде домбыра сыныбында білім алғанмын. Сайыста күйлерден бөлек классикалық шығарамалар орындадық.
Қарты бар ел – қазыналы ел. Бүгінде облыс орталығында 45 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның біреуі – Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Щеглов, ал 1200-ден астамы – тыл ардагері.