Өнеркәсіп

Тайынша ауданындағы кәсіпкерліктің дамуы

Тайынша ауданындағы “Петровское KZ” серіктестігі 1997 жылы құрылған. Компания сүтті сатып алып, тұзсыз сары май шығарумен айналысады. Кәсіпорын жылына 9 мың 500 тонна ақ өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорында адам ағзасына пайдалы шаруа және Гхи майы шығарылады. Екеуінде де астың қорытылуын нашарлататын лактоза мен казеин атымен жоқ.

Тіпті, өнім тоңазытқышта тұрмаса да бүлінбейді. Мұнда майдан бөлек ірімшік те өндіріледі екен. 2024 жылы серіктестік “Даму” қорының “Біртұтас кешенді бағдарламасы” аясында арзандатылған пайызбен несие алған. Бұл өндіріс орнының алға қарай ілгерілуіне зор септігін тигізіп отыр.

АСҚАР НҰРБАЙ, “Петровское KZ” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

— Қондырғыларымызды күнде тазалап отырамыз. Бұл – өнім сапасына тікелей әсер ететін фактор. Сүтті алыс-жақын ауылдардан жинаймыз. Оны кәсіпорынға әкеліп сепараторлар арқылы жақсылап өңдейміз. Алынған кілегей пастерленеді. Осыдан май шығарылады. Қалған ақты ірімшік дайындауға жібереміз.

“GCK-Taynsha Astyk” компаниясы ауданда ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлесін қосуда. Олар егін және мал шаруашылығымен, сүт өндірісімен және тыңайтқыш шығарумен айналысады. 37 мың гектарға жуық алқабы бар. Биыл оның 85 пайызына дән сіңірген. Шаруашылық көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу үшін “Кең дала-2” бағдарламасы аясында қаржылай көмек алған.

ЕРКІН ЕСКЕНДІРОВ, “GCK-Taynsha Astyk” ЖШС директорының орынбасары:

— Бұрын 100 пайыздық кепіл ұсынатынбыз. Қазір қарыздың 15 пайызына ғана кепіл қажет. Қалған 85 пайызды “Даму” қоры кепілдендіреді. Бұл біздің алаңсыз жұмыс істеуімізге септеседі. Серіктестік былтырдан бастап қана егін шаруашылығымен айналысуда. Бұл бағытты жаңа бағдарлама пайда болғаннан кейін ғана қолға алдық. Соның арқасында өткен жылы мол өнім алып, пайдаға кенелдік.

Өткен жылы Тайынша ауданында елдегі ең танымал супермаркеттің филиалы ашылған болатын. Бұл тұрғындар үшін қуанышты жаңалықтың бірі болды. Сауда үйінде керектінің бәрі бар. Мұнда тіпті асханадағы сияқты түрлі тағамдар да дайындалады. Компания өкілдері нысанды ашу үшін “Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба” аясында мемлекет тарапынан қолдау алған. Қомақты қаражат ғимаратты жөндеуге және заманауи қондырғыларды сатып алуға жұмсалған.

ЮЛИЯ ГРЕБНЁВА, супермаркеттің әкімшісі, Тайынша ауданы:

— Сауда нысанында 80 адам жұмыс істейді. Қаншама жастың екі қолына бір күрек табылды. Бұл – Тайыншадағы ең үлкен дүкен. Бізге тұтынушылар тіпті алыс-жақын ауылдардан келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “Даму” қорындағылар кепілдендірудің жаңа түрін ойлап табуды жоспарлап отыр. Бұл елдегі кәсіпкерлік саласын одан әрі дамытуға зор көмегін тигізеді. Сонымен қатар, экономика министрлігі мен “Бәйтерек” холдингінің көмегімен “Өрлеу” бағдарламасының іске қосылғанын айта кеткен жөн. Жаңашылдық жалғыз ауыл шаруашылығы емес, елдегі барлық саланы қамтиды. Кепілдендіру пайызы халық үшін өте тиімді дейді мамандар.