Құқық қорғау органдары

Петропавлда жыл басынан бері абаттандыру ережесін бұзудың 5 мыңға жуық фактісі тіркелді

Мемлекеттік органдар қайда қарап отыр, қоқыс неге тазаланбайды? Осы секілді арыз-шағымды жиі естиміз. Әсіресе, күн ысыған кезде есік алдында бей-берекет тасталған қалдықтан жағымсыз иіс шығады. Бұл түптеп келгенде өзге емес, өзіміздің немқұрайлылығымыздан орын алады. Жақында Петропавлдағы Кәрім Сүтішев көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын тұрғын контейнерге құрылыс қалдықтарын тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дегенмен, тұрғын үйдің меншік иелері бірлестігінің төрағасы Виталий Волков бұл түйткілді айыппұл төлету арқылы шеше алмаймыз дейді.

ВИТАЛИЙ ВОЛКОВ, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

— Біз үйдің алдындағы шашылып жатқан қоқысты жинату үшін компанияға қосымша ақша төлейміз. Бұл қаражатты баспананы жөндеуге, әрлеуге жұмсауға болады ғой. Одан қалды, аталған жұмыс үшін қалдықтарды бей-берекет шашпайтын тұрғындар да ақша төлейді. Неге олар басқалардың жауапсыздығы үшін қалталарынан қаржы шығаруы тиіс?

Қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Айдын Ақмағанбетов абаттандыру ережесін сақтау бүгінде өзекті мәселеге айналғанын атап өтті. Сондықтан, тұрғындар арасында қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру қажет.

АЙДЫН АҚМАҒАНБЕТОВ, қалалық ПБ ЖПҚБ бастығы:

— Бұл тек коммуналдық қызметтің, учаскелік инспектор мен пәтер иелері кооперативінің міндеті емес. Әр азаматта жауапкершілік болуы қажет. Алдағы уақытта тұрғындармен кездесіп, қоқыс тастау мәдениеті туралы түсіндіретін боламыз. Әсіресе, адамдардан құрылыс заттарын қоқыс контейнерлеріне тастамауды сұраймыз.

Айта кету керек, Петропавлда полицейлер жыл басынан бері абаттандыру ережесін бұзу фактісі бойынша 5 мыңға жуық хаттама толтырған.

 

Нұрасыл Ахмет