Тәрбиемізде үлкенді құрметтеуге ерекше мән беріледі. Онымен қоса Қарттар күні де таяп қалды. Осыған орай бүгін жастар ресурстық орталығының еріктілері кезекті игі шараны қолға алды. Белсенділер 86 жастағы Тамара Филиппенкоға қолғабыс етуге келді. Кейуананың бұл үйде тұрып жатқанына 24 жылға жуықтапты. Жан жары осыдан 11 жыл бұрын өмірден озған. Ал жалғыз қызы Ресейге көшіп кеткен. Жер үйде тұратын кейуана бастапқыда үй шаруасын реттеуде аса ауыртпашылық сезілмеді дейді. Кейін уақыт өте денсаулығы сыр бере бастапты.
ТАМАРА ФИЛИППЕНКО, қала тұрғыны:
— Қазір жүріп-тұруым қиындады, аяқтарым ауырады. Еріктілер туралы үйге келіп жүрген әлеуметтік қызметкерден естідім. Жастар маған жиі келеді. Көмектерін аямайды. Кейде өзім шақырып аламын. Мейірімді ұл-қыздарға айтар алғысым шексіз. Қақаған қыста да келіп ауламның қарын күреп береді.
Еріктілер қазір үйдің ауласын тазалап жатыр. Қоқысты сыпырды, қураған жапырақты жинады. Қария жастардың арқасында қысқа да қамданып алыпты. Волонтерлер өткен аптада отынын жарып, көмірін кіргізіп берген.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Қарттар күніне орай “Жақсылық жолымен” атты акция өтіп жатыр. Осы шара барысында қыркүйек айынан бастап жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетеміз. Бүгінге дейін 26 адамға жәрдемдестік. Игі іске жастар ресурстық орталығынан 300-ден астам белсенді ат салысады.
“Жақсылық жолымен” акциясы қазан айының соңына дейін жалғаспақ. Осы аралықта еріктілер көмекке мұқтаж әр жанға жәрдемдесуді жоспарлап отыр.
Ақтолқын Солтанханқызы