Білім

Болашақ педагогтар петропавлдық NIS-тің тәжірибесімен танысты

Қаладағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде үздіксіз кәсіби даму күні өтті. Іс-шараға жергілікті университетте педагогикалық мамандыққа оқып жүрген 40-қа жуық студент қатысты. Шара «ЖОО-ның академиялық дербестігі жағдайында «Педагогикалық ғылымдар» бағытының студенттері мен түлектерінде үздіксіз кәсіби даму құзыреттіліктерін қалыптастыру» атты ғылыми жоба аясында ұйымдастырылды.

АЛМА МҰРЗАЛИНОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ «Педагогика және психология» кафедрасының профессоры:

— Үздіксіз кәсіби даму күні” шарасының төртінші күні біз НЗМ-ға келуді шештік. Бұл білім ордасының оқушылармен жұмысы өзгеше. Болашақ ұстаздар тәжірибелі білікті мамандардың жұмысын көрді. Қазір мұнда «Педагогика және психология», «Білім берудегі психология», «Бастауыш білім беру және инклюзивті тәжірибе» кафедрасында білім алатын жастар жүр.

Кездесуде болашақ педагогтар NIS экожүйесіндегі инновациялар, білім беру бастамалары мен реформалармен жан-жақты таныса алды. Айта кеткен жөн, бұл жоба университетте 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

БАЛЖАН САТЫЛҒАН, М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

Кәсібиліктің жаңа есіктерін ашқандай болдым. Мен осы жерде педагогтан алған тәжірибемді болашақта өз оқушыларыма қолданғым келеді. Мен үшін педагог болу қиын болып көрінген болатын. Бірақ, педагогтың бақытты ана, бақытты әйел бола алатыны мен үшін үлкен мотивация болды.

Кездесу барысында студенттерге тәжірбие жинау мақсатында «Бақытты мұғалімнің лайфхактары» атты воркшоп ұйымдастырылды.

 

Ақтолқын Солтанханқызы