СҚО-да 2022 жылдан бері жалпы ауданы 738,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде 140 мың гектар егістік және 551 мың гектардан астам жайылым бар. Бұл деректер “AMANAT” партиясының облыстық филиалы жанындағы “Жер аманаты” өңірлік комиссиясының отырысында айтылды. Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Жалғас Сүлейменовтің айтуынша, 2025 жылдың басынан бері ведомство 130-ға жуық тексеріс жүргізген. Маңызды жұмыс 270 мың гектарға жуық аумақты қамтыпты. Нәтижесінде 81 заңбұзушылық анықталып, қатысы бар жандарға 9 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонымен қатар, кейбір шаруашылықтар пайдаланылмай жатқан жерлерден өз еркімен бас тартыпты. Бұл шамамен 30 мың гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылуына мүмкіндік берді.
АСХАТ РАМАЗАНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
— Қайтарылған жерлердің 387 мың гектары ауыл тұрғындары мен аграрийлерге бөлініп берілді. 2025 жылы басқарма мемлекет меншігіне 100 мың гектар жерді қайтару керек болатын. Жоспар 64 пайызға орындалды. Тайынша, Ақжар, Айыртау ауданында жұмыс жүйелі түрде жүргізілмей келеді. Аталған ауданның әкімдіктері қалған 3 айда олқылықтардың орнын толтырады деп сенеміз.
Нұрасыл Ахмет