Қоғам

Петропавлда “Елдесу және татуласу” жобасы аясында семинар өтті

Этносаралық шиеленістердің алдын алу. Петропавлда “Елдесу және татуласу” жобасы аясында семинар өтті. Шараға Астанадан медиация саласының үздіктері келіп, солтүстікқазақстандықтарға дәріс оқыды. Мақсат – өңіріміздегі түрлі ұлт өкілдерінің бірлігін нығайту, мәселелерді медиация шеңберінде шешу.

ЕРНАР МЫРЗАХАН, СҚО ІСБ басшысының орынбасары:

— Шараға 100-ден астам адам шақыртылған. Оның ішінде білім саласының, құқық қорғау органдарының өкілдері мен қоғам белсенділері және қала тұрғындары бар. Семинар облыста жыл сайын ұйымдастырылады.

Медиаторлар халық арасындағы дауларды тобықтай сөздің түйінімен шешетін бұрынғы қазақ билері іспеттес. Аталған сала жүздеген ұлт өкілін бір тудың астында ұстап тұрған мемлекетіміз үшін ауадай қажет. Шара теріскейліктердің құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған. Егер адамдар заңды бес саусағындай білсе, шиеленістер де аз болатыны сөзсіз. Шағымдардың көбі сотқа жетпей шешілер еді.

ШЕРЗОД ПУЛАТОВ, ҚХА республикалық этномедиация кеңесінің төрағасы:

— Елімізде түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бірақ, этносаралық шиеленістердің болуы ғажап емес. Сондықтан, осындай шараларды өткізу аса маңызды.

Мәселен, әр ұлттың тілі, діні, құндылықтары мен әдет-ғұрыптары әртүрлі. Мұндай қоғамда ауызбіршілікті ұстап тұру өте қиын. Тіпті, этностар арасындағы шиеленіс қақтығыстарға алып келуі ғажап емес. Келеңсіз жағдайларды болдырмауда этномедиацияның қоғамдағы рөлі ерекше.

ШЕРЗОД ПУЛАТОВ, ҚХА республикалық этномедиация кеңесінің төрағасы:

— Шара барысында мемлекеттік органдардың этносаралық қақтығыстардың алдын алуда қандай жұмыстарды атқару қажеттігін түсіндіреміз. Онымен қаймай, болуы мүмкін келеңсіз оқиғалардың себептері мен салдарын талқылаймыз.

Білікті мамандар алдағы уақытта Петропавлдағы бірнеше мекемеге барып, дәріс оқуды жоспарлап отыр.

 

Нұрасыл Ахмет