Сенбі күні Петропавлдың базарларында сауда қызды. “Алтын Арман”, “Қызылжар-Ақбастау” мен “Дарияда” ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген тауар өндірушілер қатысты.
ТАЛҒАТ НАУРЫЗБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
— Баға біздің нарықтағы бағадан 10-15%-ға төмен. “Қызылжар Ақбастау” базарында – Есіл, Жамбыл және Уәлиханов аудандары. Ал “Дария” базарында Мамлют ауданының кәсіпкерлері сауда жүрігізіп жатыр.
Бұл – “Алтын Арман” базары. Демалыс күні болса да бүгін мұнда тұрғындар таңғы 8-ден кезекте тұр. Сөрелерде – Ғ. Мүсірепов, Тимирязев және Ақжар ауданы кәсіпкерлерінің өнімдері. Соңғы аталған аудан тұрғындары жәрмеңкеге қос тұтас қой мен бір сиыр етін әкелген. Өнімдердің арасында ауылдың сары майы да бар.
БОТАГӨЗ СӘБИРОВА, Кішіқараой ауылдық округінің әкімі, Ақжар ауданы:
— Біз жәрмеңкеге айына екі рет келіп тұрамыз. Тауар бағасының халыққа қолжетімді болғанын қалаймыз. Мәселен, бүгін сиыр етінің келісін 2500 теңгеден сатып жатырмыз. Сондай-ақ, сатылымда 10 келіге жуық қолдың сары майы мен қаймақ бар.
Жалпы, дәстүрлі жәрмеңкеде ауыл еңбеккерлері апта сайын 5 тоннаға жуық өнім сатады екен. Бүгін де халық көп жиналған. Өнімдер балғын әрі сапалы болғандықтан сөреде ұзақ жатпайды. Әп-сәтте тұтынушының сөмкесіне түседі. Жәрмеңкеге 7 ауданнан 4 сиыр, 4 шошқа және 16 қой еті жеткізілді. Сондай-ақ, 1600 литрден астам сүт өнімі сатылды. 100 келіден астам бал бар. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 100-ден астам ауылшаруашылық жәрмеңке ұйымдастырылған. Барлығы – 640 тонна тауар сатылған.
Еске сала кетейік, қазан айында қалада облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Сондай-ақ, солтүстіқазақстандықтар елордада ұйымдастырылатын жәрмеңкеге қатысады.
Ақтолқын Солтанханқызы