Мәдениет

Н. Погодин атындағы драма театрында 139-шы маусым бастау алды

Тартымды би, әсем ән, ұйқасқан өлең. Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында 139-шы маусым бастау алды. Жаңа театрлық кезең режиссер Баатырбек Шамбетов қойған “Шоқан. Монолог шепотом” спектаклімен ашылды. Өнер ұжымы осы қойылыммен ұжым Ресей елінің Қорған қаласына жол тартады. Гастрөлдік сапар “Достық көпірі” жобасы аясында өткізілмек. Кейін ресейліктер петропавлдық сахнада өнер көрсетеді.

ТИМУР КӘРІМЖАНОВ, Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

— Біз осы жолы қойылым ғана емес, концерттік бағдарлама да дайындадық. Түрлі авторлардың әндері айтылып, өлеңдері оқылады. Махаббат туралы, өнер, театрға деген сүйіспеншілік жайлы жазылған жыр жолдарын таңдап алдық. Кейін осы жобамен аудандарды аралауды жоспарлап отырмыз.

Н. Погодин атындағы драма театрында биыл 5 қойылымның премьерасы өтеді. Соның екеуін актерлер кішкентай көрермендеріне арнапты. Балалар “Алладин” мен “Мың бір түн” ертегісін Жаңа жылдың қарсаңында тамашалай алады.

ДАРЬЯ ОТРАДНОВА, Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы:

— Мен “Мың бір түн” атты ертегіде Жасмин ханшайымның образында боламын. Ол – басты рөлдердің бірі. Дайындыққа әзірге кіріскен жоқпыз. Көрерменге айтарымыз, әрқашан бізді қолдап, театрға келіп тұрыңыздар, бұл бізге шабыт береді.

Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына келесі жылы 140 жыл толады. Өнер ұжымы көрерменін тың дүниелермен қуантпақ.

 

Мәдина Қаби