Қоғам

Кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясы тазаланды

Демалыс күні Петропавлдағы кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясында тазалық акциясы өтті. Ұйым өкілдері саябақта жатқан қоқысты жинады. Тынығу аймағының қолданысқа берілгеніне 6 жыл болды. Бүгінге дейін барлығы – 120-ға жуық көшет отырғызылыпты.

БЕРЕКЕ ШӨПЕНОВА, СҚО пошта байланысы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы:

— “Таза Қазақстан” акциясына кәсіподақ ұйымының өкілдері де өз үлесін қосуда. Кәсіподақтың құрылғанына биыл 120 толады. Соған орай ағаш отырғызып, тазалық шарасын жүргізудеміз.

Осыдан алты жыл бұрын егілген ағаштардың биіктігі адам бойындай болып қалған. Саябаққа ерекше сән беріп, адамдардың таза ауамен демалуына зор септігін тигізуде. Жастар жағы да үлкендерге көмектесіп, маңайды тазаласуда.

КАМИЛА ТЕМЕРБЕКОВА, СҚО кәсіподақтар орталығы “Келешек жастар” кеңесінің мүшесі:

— “Біз үлкендердің мұрасына құрметпен қарап, еліміздің болашағын ойлап жатырмыз. Әсіресе, сенбіліктің осы жерде өтуі өте маңызды”.

Ұйымдастырушылар жылда бұл жерге шырша егеді. Өйткені, жасыл желектің бұл түрі қысы-жазы өңін жоғалтпайды және ауаны жақсы тазалайды дейді табиғат жанашырлары.

 

Мәдина Қаби