Солтүстік Қазақстан тарихында тұңғыш рет бокстан әлем чемпионы атанған Наталья Богданова құрметке бөленді. Іс-шараға спорт қауымдастығының өкілдері, жас былғары қолғап шеберлері, жеңімпаздың туыстары мен жақындары қатысты. Наталья Богданова мен оның бапкерін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Олар осы залда отырған жас буынға ғана емес, жалпы СҚО жастары үшін үлгі, шабыт береді. Еңбектің арқасында бәріне қол жеткізуге болатынын көрсетті. Менің ойымша, Наталья мен Дастанды алда әлі үлкен жеңістер күтіп тұр. Олар абыроймен өнер көрсетіп, еліміздің туын халықаралық аренада көкте желбірете беретініне сенемін және соны тілеймін. Әлем чемпионатында Қазақстанның туын көтергендей, алдағы жарыстарда да биіктен көрінеді деп ойлаймын.
Бокстан әлем чемпионаты Ливерпульде өтті. 70 келі салмақ дәрежесінде финалда Наталья қарсыласын – австралиялық спортшыны сенімді түрде жеңді. Жеңістің сыры – жақындарының қолдауы мен өз күшіне деген сенім, – дейді былғары қолғап шебері.
НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА, бокстан әлем чемпионы:
— Қаншама еңбек, қаншама жаттығу. Күнде бір оймен ұйықтап, бір оймен ояндым. Мен чемпион боламын, менің қолымды көтереді деген үміт болды. Әлемдік аренада туымызды көкте желбіреттім – бұл керемет мақтаныш. Бұл сезімді әркім түсіне бермейді, тек санаулысы ғана түсінеді. Біз қарапайым отбасынанбыз, қарапайым залда балалармен бірге жаттықтық.
Бұған дейін ұлттық құрамаға жарқын жеңіс сыйлағаны үшін Мемлекет басшысы да құттықтаған болатын. Наталья Богданова мен оның бапкері «Құрмет» орденімен марапатталды. Спортшының айтуынша, жаттықтырушысы оған «екінші әкедей» болып кеткен, жеңісіне барын салатын жан.
ДАСТАН ҚАБДЕНОВ, Н. Богданованың бапкері:
— Ғауез Торсанұлы, сізге үлкен рахмет! Біздің облыста спортқа деген көңіліңіз, қолдауыңыз үшін. Сіз келгелі облысымызда бірнеше спорт салалары ашылып, қарқынды түрде спорт дамып жатыр. Біз, Наталья екеуіміз, өз тарапымыздан облысымыздың, еліміздің намысын әлемдік деңгейде, жоғары деңгейге көтергенімізге қуаныштымыз. Болашақта қолымыздан келгенше, Азия ойындары бар деп жатырмыз, Олимпиада бар, сол жаққа лицензия алып, сол жерлерде топ жаруға тырысамыз.
Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – чемпион қыздың шеберлік сабағы болды. Наталья өзінің атақты соққысын көрсетті, өңір әкімінің өзі оған қарсы қолғап ұстап тұрды. Құрмет көрсету іс – шарасы сыйлықсыз өткен жоқ. Наталья автокөлікке ие болса, бапкеріне 3 миллион теңгелік сертификат сыйға тартылды. Чемпион қыздың демалуға уақыты жоқ – бір айдан кейін Алматыда оқу-жаттығу жиындары, ал қаңтарда – Азия ойындары күтіп тұр.