Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Күн тәртібінде – инвестиция тарту және жаңа жобаларды жүзеге асыру. Биылғы сегіз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 313 млрд теңгеден асты. Соның ішінде Тайынша ауданының үлесі – 29 млрд теңге.
БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:
— Негізгі үлестің 97 пайызы кәсіпорындардың өз қаражатына тиесілі. Бүгінде ауданда жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулына енгізілген құны 13 млрд теңгеден асатын 4 ірі жоба іске асуда. Олардың аясында 516 жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, өңірлік пулға енген жалпы көлемі 24 млрд теңгеден астам 10 жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Олардың нәтижесінде 198 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бизнесті одан әрі дамыту және инвесторларды тарту үшін №6 субаймақ ашу жоспарланып отыр. 200 гектар жер телімі Ильичевка ауылының маңынан бөлінген. Қазір мұнда инфрақұрылым тарту және резиденттерді шақыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерге шамамен 20 кәсіпорын, соның ішінде қытайлық компаниялар да орналаспақ. Жобаларды іске қосу келесі жылға жоспарланған. Тағы бір өзекті мәселе – цифрландыру.
АЗАМАТ БАЙТЕМІРОВ, СҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
— Бүгінде облыста бірқатар цифрлық жобалар іске асырылып жатыр. Медицина мен білім саласында электронды сервистер, энергия ресурстарын есепке алу жүйесі, бейнебақылау енгізілуде. Мұның барлығы ұлттық платформаларға қосылуға негіз болады. Ауыл шаруашылығында дәлме-дәл егіншілік, сүтті мал шаруашылығында аналитика, жердің цифрлық карталары енгізіліп жатыр. Келесі қадам – жасанды интеллект пен үлкен деректерді жүйелі қолдану.
Сапар аясында облыс әкімі Тайынша ауданында отбасыларымен де кездесті. Дастархан басына – еңбекқор, көпбалалы, спортшы отбасы, педагогтар әулеті жиналды. Өңір басшысы оларға денсаулық, бақ-береке тіледі. Әкім аудан тұрғындарымен де жүздесті. Олар өңір жетекшісіне түйткілді мәселелерді жеткізді. Негізгі тақырыптардың бірі – жол мәселесі болды.Өңір басшысы бұл мәселені келесі жылдың жоспарына енгізуді тапсырды. Жол жөндеу жайын Горькое ауылының тұрғындары да көтерді.
БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:
— Биыл Горькое ауылына апаратын екі аудандық жолдың учаскесін жөндей бастадық. Сондай-ақ ауылға су құбыры желілерін тарту жұмыстары жүріп жатыр, мектепті күрделі жөндеуден өткіздік. Су жүйесі аяқталған соң ішкі жолдарға жобалық-сметалық құжат әзірлеуді жоспарлап отырмыз.
Тұрғындардың барлық өтініші бақылауға алынды. Өңір әкімі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де еске салды – өндірістен бөлек, ауылдарды дамытуға да үлес қосу қажет екенін атап өтті. Кездесудің қорытындысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз керек. Бұл туралы мен тауар өндірушілермен кездескенде де айттым. Олар да мал шаруашылығында, егіншілікте жасанды интеллект элементтерін, цифрландыруды қолданып жатыр.
Өңір басшысы ауыл еңбеккерлерінің еңбегіне тоқталды. Әсіресе, Эдельдер әулетін марапаттады – олардың жалпы еңбек өтілі 240 жылдан асыпты.