Петропавлда кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Қаладағы кәсіпорындар мен мекеме мамандары бүгін мыңға жуық вакансия ұсынды. Биылғы ерекшелік – жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс жоғары.
АСЛАН СЫЗДЫҚОВ, СҚО Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары:
— Мұнда тек жұмыс ұсынушы мекемелер ғана емес, “Еңбек мобильділігінің” мамандары да отыр. Бұл жерден жұмыс іздеуші кәсіп таппаса, орталық өкілдерінен сұрай алады. Қазір жергілікті еңбек нарығында жұмысшы мамандықтар аса қажет. Жұмыс іздеген адам жәрмеңкеге келмей-ақ, enbek.kz сайтынан қарай алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кейбірі сайтқа кіре қоймайды. Сол себепті, мұндай жәрмеңкені оффлайн түрде де өткізген дұрыс дейді.
Газ саласына қатысты жабдық шығаратын “ПетроМашЗавод” компаниясында қазір 200-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Қатарға әлі 10-ға жуық маман қажет.
ЛЮДМИЛА ЯГОДИНА, “ПетроМашЗавод” ЖШС кадр жөніндегі инспекторы:
— Біздің кәсіпорын мұнай-газ саласына арналған жабдықтар мен қосалқы бөлшектер құрастырады. Негізінен, жұмысшы мамандықтар қажет. Яғни, дәнекерлеуші, ағаш және темір ұстасы сынды еңбек адамдары тапшы. Одан бөлек студенттер де келіп, жұмыс істей алады. Тағылымдамадан өту барысында өздерін жақсы қырынан көрсетсе, жұмысқа қабылдаймыз.
Жәрмеңкеге екі қолға бір күрек іздеп үлкені де, жасы да келді. Әрқайсысының мақсаты – тұрақты әрі жалақысы жақсы жұмыс табу. Бірі мамандығынан бөлек жұмыс іздесе, бірі диплом бойынша қызмет еткісі келеді. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-нің студенті Карина Рихарт – болашақ педагог-психолог. Ол қазірден біліміне сай қызмет орнын қарастырып жүр.
КАРИНА РИХАРТ, студент:
— Оқуымды келесі жылы аяқтаймын. Содан кейін мектепте жұмыс істеп, грантты өтеуім қажет. Кейін басқа мекемелерде де қызмет еткім келеді. Кәсіби біліміме сай жұмыс іздеп көрдім. Менің бағытым бойынша бірнеше жұмыс орны ұсынылды.
Облыс орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ай сайын ұйымдастырылып отырады. Қазір қаланың еңбек нарығында мың жарымнан астам вакансия бар.
Мәдина Қаби