Петропавлда заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыспен күресті қамтамасыз ету бойынша үйлестіру кеңесі өтті. Қоғам үшін маңызды шараны прокуратура өкілдері жергілікті әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырды. Алқалы жиында ең алдымен отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі қаралды. Бұл – мемлекетіміздегі ең өзекті түйткілдердің бірі.
ҚАЙРАТ ӘБДІХАНОВ, СҚО прокуроры:
— Отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін ешқашан екінші орынға қоюға болмайды. Қоғам дертін құқық қорғау органдары мен ұйымдар бірлесіп шешулері керек. Ол үшін ерлер мен әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруыз қажет. Бұл мәселені уақытында шешпесек қай сала болмасын ешқашан дамымайтынымыз сөзсіз.
Қайрат Әлиханұлының сөзінің жаны бар. Отбасындағы ұрыс-керіс, зорлық-зомбылық балаға да әсер етеді. Осы көріністі көріп өскен жеткіншекте психологиялық ауытқулар болуы да ғажап емес. Болашақ – жастардың қолында екенін ескерсек, бұл – кезек күттірмейтін мәселе.
САЯН АСҚАРОВ, СҚО прокуратурасының басқарма бастығы:
— Ағымдағы жылы облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 49 қылмыстық және 1756 әкімшілік құқықбұзушылық іс тіркелді. Қылмыстардың басым көпшілігін тұрғындар мас күйінде жасаған.
Жиын “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасы аясында өткізіліп отыр. Облыста саналы ұрпақ тәрбиелеуде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірдегі әр мектепте “Адал азамат” жобасы іске қосылған. Сонымен қатар, Әжелер мен Әкелер мектебі ашылыпты. Бұл ұл-қыздардың өнегелі болып өсуіне септігін тигізеді.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Қазіргі таңда буллинг мәселесі де өзекті болып табылады. Аталған құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында елімізде бірінші болып СҚО-да “Protector AI” жүйесі іске қосылды. Жүйе әлеуметтік нысандардағы жағдайларға бейнеталдау жүргізеді. Балалар агрессивті мінез-құлық танытса, яғни төбелессе, жүйе мектеп директорының телефонына немесе телеграм-ботына бейнеролик жібереді.
Облыста отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған 5 мыңнан астам шара өткен. Бұл құқықбұзушылықтардың алдын алуға септесері сөзсіз. Жүсіп Рахатұлы жиын барысында Петропавлда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандарға арнап орталық ашуды ұсынды. Жанұядағы жанжал кезінде зардап шеккен әйел адам қайда барарын білмей қиналады. Сол себепті, ұрып-соққанға көніп отыра беруі мүмкін. Ал аталған орталық нәзікжандылар мен балаларды қатыгез жақынынан қорғап, пана болады. Бастаманы облыс әкімі Ғауез Торсанұлы бірден қолдады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Мұндай орталықты жалғыз Петропавлда ғана емес өңіріміздің бүкіл ауданында ашу қажет. Аудан әкімдері бұл жобаны жүзеге асыруға міндетті. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Қоғамда ерлер мен әйелдердің құқығы бірдей болуы тиіс. Біз отбасылық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен жандарға қорған болуымыз қажет.
Үйлестіру кеңесінде құқық қорғау органдары мен түрлі ұйымдарға бірқатар тапсырма берілді. Қолға алынатын жобалар жүзеге асса қоғам дерті атымен жойылатыны сөзсіз.
Нұрасыл Ахмет